Қыс мезгілінің құрсауы сөгіліп, төңірекке сұлулық сәулесін төгіп көктем келісімен, бар жаратылыс құрметі мен ілтипатын әйелдер қауымына арнайды. Бір-бір үйдің шырағы болып жарқырып, гүлі болып жадырап жүрген бұрымдылар мейірімді ана, асыл жар, отбасының ұйытқысы ғана емес, мемлекетіміздің дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген іскер жандар ретінде де бағалануда.
8 Наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай жылдағы дәстүр бойынша З.Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Даналықтың үлгісіндей болған ақ жаулықты аналар мен қызғалдақтай құлпырған көркем қыздардың шуақ шашқан жүздері әдемі безендірілген мекеменің ішіндегі мерекелік көңіл күйді одан әрі асқақтата түсті.
Айтулы шара арнайы әзірленген бейнероликты тамашалаумен басталды. Ондағы айтылып жатқан ізгі тілектер, толассыз құттықтаулар адамзатқа әлемнің жарығын сыйлаған аяулы жандар мен гүлдей құлпырған әсем арулардың жүрегіне жол тауып жатты.
Құттықтау сөзді алған аудан әкімі Ә.Жақанбаев барша әйелдер қауымын көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, нәзік жандылардың қоғамдағы рөлі мен олардың ел өркендеуі жолында атқарып жүрген елеулі еңбектеріне ерекше тоқталды. Артынша өңіріміздегі алтын құрсақты аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапаттады. Сондай-ақ ауданымыздың жан-жақты дамуына үлес қосып келе жатқан аруларға құрмет грамотасы мен алғыс хаттар табыстады.
Шараның салтанатты бөлімі аяқталғаннан кейін сахна төріне қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары, ерлі-зайыпты Әділ Сламхан мен Дана Маханбаеваның шығуы нәзік жандылар үшін күтпеген сый болды. Салмақты әзілдерімен, ерекше биімен баураған сері ағамыз бен сырлы сазымен, жарасымды еркелігімен еліктірген әпкеміз көрермендердің көңілін көтеріп, олардың ыстық ықыласына бөленді.
Құшақтары гүлге, көңілдері шаттыққа толы әйел-аналар мерекелік жиыннан ерекше ризашылықпен тарқасты.
Г.АСЕНОВА.