Қазақ елі ықылым заманнан бері «Дос болғанға құшақ ашар туыспыз, қас болғанға қиып түсер қылышпыз» деп екі ауыз сөзге бар қайсарлығы мен тектілігін сыйдырған халық. Сондықтан да алаш жұрты атқа қонса алыс-жақын жатқан мемлекеттер жон арқаларынан құмырсқа жүгіріп өткендей бір сілкініп қалатын. Себебі, тұлпарына мінсе түсуі қиын елдің екпінене шыдас берер күш кемде-кем еді. Тұрқының өзі дұшпанын тұқыртатын баһадүр бабаларымыздың ұрпақтары сол атақтың ауыр жүгін қалай арқалауда? Қаһарман халықтың мұрагерлерінің Отан қорғау ісіне деген көз қарасы қандай?
Тәуелсіздік алғалы еліміздің қорғаныс қабілетінің кемелденгенінің куәсі болдық. Ширек ғасыр уақыт ішінде мемлекетіміздің әскери әлеуетінің едәуір жақсарғанын да байқадық. Олай деуіміздің де өзіндік себебі бар. Өйткені, Қазақстанның жауынгерлік қару-жарақтары сұрыпталып, жаңартылып, заманауи техникалармен де жабдықталды. Мерзімді әскери борышын өтушілерді дайындау шаралары да қатаңдатылып, аталмыш сала түбегейлі жаңғыртылған болатын. Сөйтіп, мемлекетіміз Отан қорғаушыларға барлық жағдайды жасап берді.
Осы ретте ауданымыздың мақтауға тұрарлық жетістіктері де баршылық. Себебі, сарбаздар қатарын толықтыруға құлшынатын алакөлдік жастардың қарасы көп. Оған, мемлекет тарапынан бекітілген тапсырыстың 110 пайызға орындалып, облыс бойынша екінші орынға жайғасуы дәлел бола алады. Және өңіріміз шекаралы аймақта орналасуына байланысты әскери бөлімдердің көптігінің әсері ме, әлде Алакөлдей қасиетті мекеннің ықпалы ма аудандағы еркек кіндіктінің басым бөлігі Отан сүйгіштік, патриотизм деген игі сезімдерді жандарына серік еткен.
Аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Е.Жұмановтың айтуынша арнайы шақыртудан бөлек, өздері сұранып, іздеп келетін жастардың да легі күннен-күнге артып келеді. «Мерзімді әскери борыштарын өтеуге талпынатын жастардың көптігі қуантады. Бұл тек біздің өңірдегі ғана емес бүкіл Қазақстандағы құбылыс. Осыған орай шақыру науқаны қыркүйек айынан басталатын болды. Аталмыш өзгеріс сонау Кеңес заманынан бері қозғалып көрмеген заңға төңкеріс әкелді. Ол әрине Елбасымыз Н.Назарбаевтың арқасы. Күзгі әскерге шақыру маусымы да келіп қалды. Осы жолы да алакөлдік патриот өрендер құлшыныстарын жоғалтып алмайды деген ойдамын. Сондықтан біз әр тараптардан үгіт-насихат шабуылын ұйымдастырудамыз. Түрлі дөңгелек үстелдер, отырыстар, кездесулер өткізу дағдыға айналып кетті. Осы жұмыстарымыз уақыт өте келе өз жемісін де беріп жатыр» ,- дейді Е.Жұманов.
Әрине, әскер қатарына баруға ынта білдіргендерге жан-жақты қолдаулар көрсетіліп жатқандықтан құлшыныс та арта түспек. Нұрға бөленген көк туымызға тағзым етіп тұрып, «Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» деп ант қабылдаған азаматтарға жеңілдіктер де, көмек те мол. Өйткені, шекара бағып, тыныштық қору ол жауапты іс екендігі мәлім.
Әскери тәртіпке байланысты биыл заң талаптарына да өзгерістер енгізіліпті. Біріншіден сарбаздар сапына еніп, сап түзеуге ниет білдіргендердің бұрынғы жұмыс орны мен лауазымы сол қалпында сақталмақ. Екіншіден қырық күндік ақылы әскери мектепке баратындардың жасы 22-ден 24-ке көтерілді. Үшіншіден жауынгерлік қызметтен босатылған яки өз еркімен шығып кеткендер осы салаға қайта қабылданбайды. Және де Елбасымыздың бекітуімен бұл азаматтардың жалақысы 20 пайызға көтерілді.
Тағы бір айта кетерлігі былтыр ауданымыздан 12 адам әскери оқу орнына түскен. Республика бойынша жылына мөлшермен 500 үміткер ғана арнайы білім ордаларына жолдама алатынын есептесек, бұл жоғары жетістік. Ал биыл 23 алакөлдік құжаттарын рәсімдеуде.
Отан алдындағы борышын өтеу ол қазақстандық әр азаматтың міндеті. Қайсар мінезді ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрін жалғастыру жастардың арына артылған жүк. Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев «Болашақ жастардың қолында» деп бекер айтпағанын дәлелдеу үшін, сол үмітті ақтау мақсатында қару асынып, шекара күзетіп қарауылда тұру жігітпін деген әр алакөлдіктің, қазақстандықтың парызы. Ұлы дала елінің ұлағатты ұрпақтары, сіздерді, ӘСКЕР ҚАТАРЫНА ШАҚЫРАМЫЗ!
АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.