Соңғы қоңыраудағы сый

Биыл тұғырлы тоқсан жылдығын тойлап отырған Абай атындағы қазақ орта мектебінде соңғы қоңырау салтанатты ерекше аталып өтті. Себебі бұл білім ордасын осыдан елу жыл бұрын тәмамдаған түлектер күллі қазақ ұлысының маңдайына біткен ғұламасы, өлең-сөздің кіл маржандарын теріп, әдебиет пен руханият түсінігін бағасыз мұраларымен байытқан Абай Құнанбайұлының кеуде мүсінін тас тұғырға орнатты.

Алғашқы болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары А.Абдинов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңыру» тақырыбындағы тағылымды туындысында көтерілген «Туған жер» бағдарламасы аясында тұрғызылған ескерткіштің ашылуымен және шәкірттерді кезекті оқу жылының аяқталуымен құттықтады.

Келесі болып мінберге көтерілген кәсіпкерлер, Абай Құнанбайұлының тау тұлғасын тас тұғырға орнатқан атымтай азаматтар Б.Сиырбаев пен А.Мамырбеков қуанышты бөлісуге келгендерге алғыстарын жеткізіп, мектеп қабырғасында өткен жылдарын естеріне алды.

Ауданның Құрметті азаматы, ақын Т.Садиев ескерткіштің ашылуына орай қаламынан тамып түскен жырын оқыса, осы білім ордасын 1997-99 жылдар аралығында басқарған Ұ.Бипажанова елу жыл бұрынғы түлектердің игілікті ісі өскелең ұрпақтың болашаққа қарай аттанған сапарында темірқазіқ жұлдыз іспеттес жол көрсетіп тұрары сөзсіз екенін жеткізді.

10 сынып шәкірті, оқу үздігі Е.Ахметбеков бұрынғы түлектер ескерткіш орнатып, туған жерге, мектепке деген махаббаттарын осылай көрсетсе, олардың ізін жалғап келе жатқан бүгінгі ұрпақтар білім жолында бар күш-жігерлерін сарп етіп, Отандарына қызмет ететіндіктерін тілге тиек етті.

Уағдалы уақытында ауданның белді, белгілі азаматтары ескерткіштің ақтығын түсіріп, Абайдың кеуде мүсінін күн көзіне сүйдірді.

Мүсінге қазіргі кейпін берген авторы Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Парасат» орденінің  иегері Б.Құсайынов. Биіктігі 3 метр, Абайдың кеуде мүсіні 90 см қоладан құйылған. Тұғыры Күртінің қоңыр гранитінен орнатылған.

Артынша соңғы қоңырау салтанатна кезек беріліп, аудандық білім бөлімінің басшысы М.Төлеужанов пен мектеп директоры Г.Қасенова құттықтау сөздерін жеткізді. Түлектер білім кілті мен аманат хатын кейінгілерге ұсынып, жан-жақты, үздік әрі озық болу үшін аянып қалмауларын сұрады.

Жиын соңында 11 сынып оқушылары соңғы вальстарын билеп, ізгі ниттер мен ақ тілектерді арқалаған шарларын ұшырды.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: