Спорт мәселесі мінберде


Аудандық мәслихат депутаты, Nur Otan партиясы депутаттық фракиясының мүшесі А.Есенбеков аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Садиевпен канвассинг кездесу ұйымдастырды.

Бас қосу барысында өңір жастарын бұқаралық спортқа тарту және салауатты өмір салтына баулу, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар тілге тиек болды.

Қазіргі таңда алакөлдіктердің 29 пайызы, яғни 21 550  адам спортпен шұғылданып, салауатты өмірге деген құлшыныстарын көрсетуде.

Жыл сайын  Ойжайлау төрінде өтетін ұлттық ат спорты және айдынды Алакөл жағасындағы Ақши елді мекеніндегі Республикалық Дуатлон сайыстарының өзі бір жеке әңгіме. Осы іс-шаралардан-ақ ауданымызда аталмыш сала қарқынды түрде дамып келе жатыр деп айтуға толық негіз бар.

Бүгінде алакөлдік жеңімпаздарымыздың санын көбейту үшін білікті бапкерлер мен заман талабына сай жаттығу орындары керек екендігі мәлім. Біз бұл қажеттіліктерден де кенде емеспіз. Өйткені, аудан бойынша 45 спорт алаңы, 48  зал, 4 спорт кешені және 2 стадион салауатты өмір салтын ұстанушыларға есігін айқара ашып тұр. Бір қуантарлық жайт, шаһарымызда республикалық жарыстарды өткізудің талаптарына сай келетін «Тарлан» спорт кешені ашылып, жемісті жұмыс жүргізуде. Келер жылда Достық бекетіндегі спорт кешенін аяқтап, Лепсі ауылында осындай нысанның құрлысын бастау жоспарлануда.  Бүгінгі таңда ауданымызда кәсіби жаттықтырушылар спорттың 10 түрінен 1120 шәкіртті баптауда. Бұдан өзге әр мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері жеке үйірмелер ашып, жастардың спортқа деген қызығушылықтарын арттыруда.

Ауданда жаздық спорттармен қатар қыстық спорт түрлері де даму үстінде. Жыл сайын шаңғы спортынан сайыс ұйымдастырылып, Лепсі спорт мектебінде кәсіби түрде жаттығатындар да бар. Қысқы уақытта әр округте және Үшарал қаласында мұз айдындары ашылып, тұрғындардың коньки тебуіне де жағдай жасалуда.

Сонымен қатар, суда жүзу, былғары қолғап шеберлері, дзюдо, самбо, еркін күрес, грек-рим күресі, қазақ күресі, ММА, джиу-джитсу, ұлттық жекпе-жек, панкратион, греплинг, футбол, воллейбол, баскетбол, стридбол, шағын футбол, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, жеңіл және ауыр атлетика, регби, ұлттық ат спорты түрлерінен көптеген айтулы спортшыларымыз жетерлік.

Ендігі мақсат бұл қарқыннан таймай, жаңа белестерге қарай тұғырымызды көтеру болып отыр.

А.МҰРАТ.

Мәліметпен бөлісу: