Спорттың өзі бір ғылым

Спорт – адам денсаулығының мықты болуы мен түрлі сырқаттарға лайықты төтеп берудің басты кепілі. Спорт – бейбітшілік пен бірліктің нышаны, көк туымыздың өзге мемлекеттердің аумағында аспанға көтерілуінің себепкері. Сондықтан аталған саланы дамыту маңызды міндеттердің қатарында екендігі айқын.

Аудандағы спорт ахуалына зер салсақ өзгелермен үзеңгі қағыстырып, бір қатарда келе жатқанымызды аңғарамыз. Бізде облыс, республика, әлем біріншіліктернің чемпиондары, олимпияда жүлдегерлері мен қатысушылары да баршылық. Ал оларды тәрбиелеп, сол дәрежеге жеткізуде бізде қос спорт мектебі қызмет етуде.

Бұл жолы белгілі меценат, Алакөлдің атымтайы Б.Оспановтың демеушілігімен аяққа нық тұрған Лепсі ауылындағы спортта дарынды балаларға арналға облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты жайында сөз қозғасақ.

Белгілі бапкер Сержан Бостанұлының басшылығындағы спорт мектебінің бүгінгі жетістіктеріен дүйі алакөлдіктер мақтана алады. Былғары қолғап шеберлері, дзюдо дарабоздары, грек-рим және еркін күрес балуандары, шаңғы жүйріктері тәрбиеленіп жатқан мекемеде барлығы 134 оқушы жаттығуда. Жаттықтырушылар құрамында 10 жоғары білімді, 2 орта білімді бапкерлер және 2 спорт әдіскері бар.

Аталған спорт мектебінің шәкірттері түрлі дәрежедегі дүбірлі додаларда топ жарып, өздерінің бәсекеге қабілетті екендіктерін танытуда. Атап айтсақ, облыстық, республикалық, халықаралық, аймақтық турнирлар мен чемпионаттарда үздік көрсеткіштерге ие болып, өңір мерейін еселеуде. Соның ішінде еркін күрестен 10 алтын, 8 күміс, 21 қола, грек-рим күресінен 12 алтын, 9 күміс, 15 қола, дзюдодан 39 алтын, 18 күміс, 25 қола, шаңғы жарысынан 6 алтын, 2 қола, бокстан 12 алтын, 10 күміс, 8 қола иемденген. Бұл 2018 жылдың он айының көрсеткіші. Аудан қоржынын түрлі медальдармен толтырып жүрген тәрбиеленушілердің қатарынан 10 сынып оқушысы, бокстан кадеттер арасындағы ҚР чемпионатының жеңімпазы, халықаралық бәсекелердің чемпионы  Мейіржан Айдарды, 11 сынып оқушысы, бокстан кадеттер арасындағы ҚР біріншілігінің қола жүлдегері, халықаралық додалардың жеңімпазы  Нұржан Амангелдіні, 10 сынып оқушысы, шаңғыдан жасөспірімдер арасында ҚР чемпионатының және жазғы ҚР біріншілігінің алтын медаль иегері, бүкіл Ресейлік ашық турнирінің еркін әдіс және классикалық түрі бойынша чемпионы Айша Ракишеваны, 11 сынып оқушысы, дзюдодан асөспірімдер арасындағы ҚР біріншілігі мен халықаралық сайытардың бірінші орын және Слокенияда өткен «Ашық Еуропа» кубогінің иегері Ерлан Советханды үздік спортшы деуге әбден лайық. Ал үздік жаттықтырушы ретінде шәкірттері шабысынан жаңылмайтын білікті бапкер Ердос Жанатты атауға болады.

Лепсі спорт мектебінде балалардың лайықты жаттығуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Мұнда оқушыларға арналған жатақхана, асхана, дәрігерлік, психолог және жуыну бөлмелері орналасқан. Сондай-ақ оқу-жаттығу процесіне ыңғайландырылған дзюдо, еркін және грек-рим күресі, бокс залдары, дене жаттығуына арналған арнайы зал бар. Және де шаңғы спортына қажетті арнайы құралдармен жабдықталған база да орын тепкен.

Бір айта кетерлігі Б.Оспановтың демеушілігімен балаларға күнделікті ас-ауқатына қосымша қымыз бен бал беріледі. Сонымен қатар 150 тәрбиеленішуге спорттық киімдер толықтай алынған. Биыл үздік атанған М.Айдар, А.Ракишева, Е.Советхан жомарт азаматтың қолынан 150 мың теңге көлеміндегі шәкіртақыны иемденді. Спортшылардың алыс-жақынды сапарлары үшін «Мерседес-спринтер» көп орынды автокөлігі сыйға тартылған.

Ең өзектісі, Б.Оспановтың тікелей бастамасымен осымен үшінші рет Лепсі спорт мектебінде спорттың 4 түрінен, яғни еркін күрестен Азия ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионаты мен олимпияданың қола жүлдегері М.Мамыровтың, грек-рим күресінен әлем чемпионатының қола, олимпияданың күміс жүлдегері Н.Теңізбаевтың, бокстан Азия, әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Ж.Әлімханұлы мен олимпияда ойындарының қола жүлдегері, кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Қ.Исламның, дзюдо күресінен Азия чемпионатының күміс, олимпияданың қола медаль иегері, А.Смағұлов пен Азия чемпионы, әлем біріншілігінің үздік үштігіне енген, олимпияданың күміс жүлдегері А.Житкеевтың жүлделері үшін «Қазақ батырлары» республикалық турниры өткізілді.  Доданың барлық шығыны мен марапат «ZHERSU» корпорациясы есебінен қаржыландырылуда.

Жоғарыда аталғандардың барлығы спорт мектебінің 2018 жылғы жетістіктері. Қарап отырсаңыз маңдай тер мен тынымсыз еңбекті қажет ететін бұл биіктерді бағындыру оңайға соқпайды. Алайда бапкерлердің тәжірибесі мен жұмысқа деген жапкершілігінің, шәкірттердің табандылығы мен алдығы мақсат қоя білулерінің арқасында алынбас қамал жоқтығы дәлелденді. Біз де өз тарапымыздан ауданның спортын алға сүйреп келе жатқан олардың әр ісіне жеңіс, еңбектеріне табыс тілемекпіз. Жеңісті, жемісті күндер мол болғай!

 

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: