Ұстаздың аты мәңгілік

Ұстаз… Әр адам баласы үшін қастерлі де қадірлі есім. Кез келген жұмыр басты пенде жер асып жүруіне ең алдымен әліппені әріптеп жаттатып, тәлімді тәрбиенің уызына жарытар мұғалімге қарыздар. Болашақ жастардың қолында десек, сол өскелең ұрпақты келеешкке қарай жетелеп келе жатқандар да осы ұстаздар қауымы.

Бір айта кетерлігі ауданда білім саласына байланысты оң өзгерістер орын алуда. Жыл сайын кезек кезегімен мектептер де күрделі жөндеуден өтіп, материалдық базалары да нығайып келеді. Бұл мемлекет құрылысындағы ең басты салаға деген ерекше көзқарастың арқасы.

Ел президенті Қ.Тоқаев та өзінің Жолдауында мұғалімдердің мәртебесін көтеру мен жалақыларын 25 пайызға ұлғайту мәселесін түртіп өткен болатын. Сонымен қатар ұстаздарға артылған жүктің ауырлығын баса айтып, оларға мемлекет тарапынан үнемі қолдау білдірілетінін жеткізген.

Күні кеше ғана мұғалімдер күніне орай З.Қойшыбаева атындағы аудандық мәдениет үйінде ұсздардарға арналған мерекелік жиын өтті.

Оған аудан әкімі Ә.Жақанбаев бастаған өңіріміздің белді, беделді азаматтарды, бөлім, мекеме басшылары, жергілікті округ әкімдері, білім саласында өзіндік айтар ойы мен пікірі бар ұлағатты ұстаздардар, ардагер мұғалімдер қатысты.

Мәдениет үйіне кіре беріс дәлізде мектеп оқушылары қолдан жасалған құттау хаттарын әр мұғалімге табыстап, олардың бұл күнін барынша көріктендіруге тырысты. Сонымен қатар Үшарал балалар шығармашылық мектебінің шәкірттері ұлттық аспабымыз домбыраның үнін аспандатып, қонақтарды күімн қарсы алды.

Шараның шымылдығы ауданағы ілім саласының тыныс-тіршілігі түгелдей терілген бейнероликпен ашылды.

Уағдалы уақытында сахна төріне шыққан жүргізушілер жиналғандарды әсерлі дауыстарымен баурап, мерекемен құттықтады.

Алғашқы болып мінберге көтерілген аудан әкімі Ә.Жақанбаев: «Мыңжылдықтар төрінен мәңгілікке аттанған Қазақтанның болашағы өскелең ұрпақтың қолында екендігі дау тудырмас. Ал сол жастарды кемел келешекке қарай жетелеп келе жатқан Ұстаздар қауымының мойынына сұранысы ауыр, сыны мен сынағы мол жауапкершілік жүктелген.«Мұғалім – мамандық, ұстаздық – қасиет». Яғни, ұстаз болу – адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі саналады. Ендеше, осынау үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын аталмыш салаға арнаған ұстаздарға қандай мақтау, мадақ айтсақ та артықтық етпейді. Уақытпен санаспай бар ынта-жігерімен балалардың бойына ізгілік нәрін егетін, олардың қабілеттерін ұштап, білгендерін үйрететін осы жандарға басымызды иеміз»,- деп осы салада тыңғылықты еңбегімен танылған ұстаздарға Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарды табыстады. Ең қуантарлығы Үшарал №1 орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Алмас Тұрсынбаев облыстық «Үздік мұғалім – 2019» байқауында бас жүлдеге ие болып, темір тұлпарды тізгіндеген болатын. Өңір басшысы жас ұстазды осы етістігімен құттықтап, автокөлігінің кілтін салтанатты түрде табыстады.

Өз кезегінде Алмас та қолдау мен құттықтау білдіріп жатқан әріптестеріне алғысын жеткізіп, әлі де талай биіктерді бағындыратынын айтып өтті.

Артынша Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары меркелік концертті назарға ұсынып, мәдениет үйі ән құшағында тербелді. Алакөлдің тумасы, осы жерде тәй-тәй басып, өмірінің ең тәтті мезеттерін өткізген Мәншүк Тұрсынғазина туған жерге деген сағынышын әуезді әнмен жеткізсе, ырғақты музыка иірімдерімен мың бұралған бишілер, қоңыр домбыраны күңіренткен күйшілер мен қобыз қылынан күллі қазақтың тарихын төңкерген өнерлі жігіттер ұстаздардың мерекесінің мәртебесін арттыра түсті.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: