Ұстаз… Бес-ақ әріптен құралған осынау сөздің астарында қаншама мән-мағына, атақ-абырой, жауапкершілік жатыр десеңізші. Күллі мемлекеттің болашағының иегерлерін жетелеп келе жетқан олардың ісі қашанда құрметке лайық. Әр шәкіртін туған сәбиіндей көріп, санасына білім нәрін егетін мұғалімдердің мәртебесі тек биік мінберлерден көрінуі заңдылық. Білімнің салтанат құрған заманында, жаһандық бәсекелестікке аламан басынан көріну үшін ғылыммен ғана дараланатын дәуірде бұл мамандыққа деген сұраныста арта түсті. Тиісінше, сұраныстың артуына қарай жауапкершілік жүгі де салмағын еселеді.
Осынау қадірлі мамандық иелерінің төл мерекесіне орай З.Қойшыбаева атындағы аудандық мәдениет үйінде «Ұстаз аты ұлы, әрі мәңгілік» тақырыбында салтанатты шара ұйымдастырылды. Оған өңіріміздегі білім саласының тұғырын тіктеуде сан жылдар бойы бар күш-жігерін сарп еткен ардагер ұстаздар, әр мектептің бетке ұстар, түрлі бәсекелерде қанжығалары майланып жүрген талантты, талапты мұғалімдер, өз ісіне адал, тиянақты қызметімен танылып жүрген білікті педогогтар қатысты.
Алдымен 2017-2018 жылы білім саласында ауданның жеткен жетістіктері берілген көрме тамашаланып, ұстаздардың еңбегіне шолу жасалды.
Сөз алған аудан әкімінің орынбасары А.Абдинов: «Мыңжылдықтар төрінен мәңгілікке аттанған Қазақтанның болашағы өскелең ұрпақтың қолында екендігі дау тудырмас. Ал сол жастарды кемел келешекке қарай жетелеп келе жатқан ұстаздар қауымының мойынына сұранысы ауыр, сыны мен сынағы мол жауапкершілік жүктелген. Уақытпен санаспай бар ынта-жігерімен балалардың бойына ізгілік нәрін егетін, олардың қабілеттерін ұштап, білгендерін үйрететін осы жандарға басымызды иеміз.Сіздердің мамандықтарыңыз – қоғамдағы ең құрметті де қадірлі саланың бірі. Сондықтан да шынайы ұстаз ең жақсы адами қасиеттерді бойына сіңіре отырып, өз шәкірттерінің жүрегінде білімге деген сарқылмас ынта-ықыласты оятады»,- дей келе, мереке иелерін құттықтап кетті.
Сондай-ақ өзінің үлгілі қызметімен танылып, шәкірт тәрбиелеу ісінде үздік саналған бірнеше ұстазға ҚР Білім және ғылым министірлігінің, облыс әкімі мен өңір басшысының, облыстық білім басқармасы мен аудандық білім бөлімінің Құрмет грамомалары мен Алғыс хаттарын табыстады. Және де 2017-2018 оқу жылының қорытындысы бойынша үздік үштіктен көрінген мектеп ұжымдарын марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.
Жүлдегерлерге тоқталсақ, орта мектептер арасында Үшарал №1 орта мектебі үшінші, Үшарал қазақ гимназиясы екінші орынды қанжығаласа, Жыланды орта мектеп-лицейі бірінші орынға жайғасты. Ал шағын жинақталған білім ордаларынан Арқарлы орта мектебі үшінші, Қайнар орта мектебі екінші орынды тақымдаса, С.Сейфуллин атындағы орта мектеп аламан басынан көрінді.
Артынша өнерлі жастар мен оқушылардың концерттік бағдарламалары назарға ұсынылып, ұстаздардың бұл күні жоғары дәрежеде аталып өтті.
А.ЕСЕНБЕКОВ.