Барлық меншік нысанындағы кәсіпорындарға, мекемелерге, ұйымдарға, сондай-ақ сауда объектілері бар дара кәсіпкерлерге «Алакөл ауданнының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ келесідей хабарлайды:
Қазақстан Республикасының Әкімшілік
құқық бұзушылық туралы кодексі
83-бап. Қазақстан Республикасының мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасын бұзу.
Ескерту. 83-бап жаңа редакцияда – ҚР 30.12.2019 № 300-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 11.07.2022 № 137-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
1. Қазақстан Республикасының мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы заңнамасын:
1) мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым объектілеріне қол жеткізуін қамтамасыз етпеу;
2) мүгедектігі бар адамдардың мәдени ойын-сауық іс-шараларына қол жеткізуі үшін жағдайларды қамтамасыз етпеу;
3) жұмыс берушінің кінәсінен жұмыста мертігуге ұшыраған және (немесе) кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамдарды кәсіптік оңалту саласындағы міндеттерді жұмыс берушінің сақтамауы түрінде жасалған бұзушылық –
лауазымды адамдарға – елу, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне төрт жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет (әрекетсіздік) –
лауазымды адамдарға – сексен, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне алты жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
597-бап. Көлiк құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу.
Ескерту. 597-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.05.2015 № 312-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2017 № 127-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2019 № 300-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Мүгедектігі бар адамдардың көлік құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру үшін бөлінген жерлерде көлік құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу – он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары айқындаған, көлік құралдарын орынтұраққа қойғаны үшін ақы алуға және олардың орынтұрақта тұрған уақытын есептеуге арналған сертификатталған арнайы құрылғылармен жабдықталған орындарда орынтұраққа қойғаны үшін төлем төлеуден жалтару – үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.