Тәртіп пен табандылық қажет

Айнлып өтсін деп, Алладан күнігі тілегенімізбен, әлем халқын алашапқын қылған тәжвирусы Қазақстанды да алқымнан алғаны мәлім. Бүгінгі таңда кеселдің кесірі 350-ден астам жерлесімізге тиіп, адам шығыны да орын алды. Бұл ең алдымен дендеп енген сырқатқа жіті көңіл бөліп, күресу шаралын күшейтуді бірінші орынға қойып отыр.

Осы ретте мемлекет басшысы Қ.Тоқаев кезекті рет мәлімдеме жасап, індетпен күресу үшін елімізде нендей жоспарлар қолға алынып, қандай шаралардың шекпенінен ұстағанымызды жіпке тізіп берді.

Ең алдымен шипалы қолдарымен шуақ сыйлар ақ желеңді абзал жандардың өлшеусіз еңбегіне тоқталған Президент, олардың осы батпан жауапкершілікті жұмыстарының қауіптілігін, олардың жанкештілігін түрте кетті. Ел азаматтарын аурудан аман алып қалу үшін атқарып жатқан ерен қызметтері үшін үлкен көлемдегі үстемақы төленілетінін де жеткізді. Бұл дәрігерлер үшін аса елеулі көмек деп білеміз. Ауырғанда іздеп, сырқатымыз тәнімізге батқанда әр сөзнен шипа іздейтін медицина қызметкерлеріне бұл да аздық етеді. Себебі өлім мен өмір арпалысындағы ақ желеңді сарбаздарымызға барлық мадақ, мақтаулардың құны болмасы анық.

Екінші ретте мемлекет басшысы ел экономикасының тірегі саналар кәсіпкерлікті қолдау ісін, оларға да берілер жеңілдіктер мен түрлі көмектерді шолып шықты. Бүгінде төтенше жағдайға байланысты кенжелеп қалған жеке бизнес секторын су үстенде сақтап қалу үшін ілкімді жоспарлар әзірленіп, жұмыс та басталғанын аңғардық.

Елеулі дейтін дүниенің бірі ретінде уақытша жұмыссыз, табыс көзінсіз қалған азаматтарға арнайы бекітілген қарж көлемі төленіп, қолғабыс етілетіні болып тұр. Сонымен қатар мұқтаж жандарға азық-түлік, өзге де тұрмысқа қажетті заттардың жеткізілуі күн тәртібінен түскен емес.

Ендігі ретте дерттің таралмауы үшін арлығымызда төтенше жағдай талаптарын қатаң сақтап, ережеге толықтай иланғанымыз жөн. Аурудан ешкім де сақтандырылмаған. Сондықтан тәртіпке бағынып, бұл күрделі кезеңде тұрақтылық пен татулық туын теңселтіп алмағанымыз абзал.

К.БЕКТЕМИСОВА,

Аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы.

Мәліметпен бөлісу: