Қазақ елі үшін ағымдағы жылғы бірқатар атаулы даталармен қатар, мән-маңызы жағынан беделі жоғары тағы бір күн бар. Ол — ұлттық валютамыз теңгенің айналымға енген күні.
Иә, 1993 жылдың қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шығып, 15 қараша күні теңге ресми айналымға енген болатын. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау сол жылдың 15 қарашасы күні таңғы 8.00-де басталып, 20 қараша күні 20.00-де аяқталған еді. Ұлттық банк алғашқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге бағалаған болатын. Алайда, кейін еліміздің саяси және әлеуметтік, мемлекетаралық қатынастары ескеріліп, 1 теңге 500 рубль бағамында белгіленді. Есте болса, теңге айналымға енердің алдында үш күн бұрын Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлық шығарған болатын.
Жалпы, төл теңгемізді дайындау жұмыстары 1992 жылы қолға алынып, сол жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ал ертеңінде қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды.
Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте Абай, елу теңгелікте Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылай хан бейнесі сомдалды. Кейіннен теңгеміздегі тарихи тұлғалардың бейнелері алынып тасталғанымен валютамыздың құны түскен жоқ. Мәселен, бүкіл әлемнің банкнот коллекционерлерінің тәуелсіз бірлестігі болып табылатын Халықаралық банкнот қоғамдастығы жыл сайын интернет-дауыс беру арқылы жылдың ең үздік банкнотын таңдайтындығы белгілі. Дәл осы қоғамдастық «2011 жылғы ең үздік банкнот» атағын Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған номиналы 10 000 теңгелік ескерткіш банкнотына берген болатын. Келесі жылы да Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің «Қазақ Елі» сериясынан номиналы 5 000 теңгелік банкноты екінші рет «2012 жылғы ең үздік банкнот» атағын иеленді. Ал Түркі жазба ескерткішіне арналған, номиналы 1 000 теңгелік «Kүлтегін» ескерткіш банкнотына берілген үшінші «2013 жылғы ең үздік банкнот» атағы тәуелсіз Қазақстан жылнамасындағы тарихи маңызды сәт болды. Өйткені, осы кезге дейін бірде-бір елдің ұлттық валютасы үш марапат алып көрген емес.
1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалынған 2,5,10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты. Ұлттық валюта банкнот және монета түрінде айналысқа енгізілді. Қазір банкнот — Ұлттық Банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета — Өскемендегі Монета сарайында шығарылады. Ел Президентінің Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді. 2006 жылы 15 қарашада жаңа үлгідегі банкноттар айналысқа енгізілді.
15 қарашада экономиканың қаржы секторының қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесі – Қаржыгерлер күнін тойлайды. Осы күнді таңдау кездейсоқ емес және бұл күн өзіміздің ұлттық валютамыз — теңгенің 1993 жылдың 15 қарашасында айналымға енуімен байланысты.
Адамзат кез-келген жұмыстың, әр мамандықтың абыройлы екендігін және де өз ісіне қаншалықты жауапкершілікпен қарап, қаншалықты ынта-жігермен еңбектенетіне байланысты болатынын әрқашан мойындап отырған. Барлық кәсіп өздігінше ерекше және маңызды.Әр саланың өзінің жұмыс айрықшылығы, өзінің қайталанбас тарихы, өз құндылығы және өз батырлары бар. Әрине, әр кәсіптің өзінің ерекше аталып өтетін мерекелі күні- өзінің кәсіби мейрамы да бар! Біздің кәсіби мерекеміз — Қаржыгерлер күні және ұлттық валюта күні.
Осы салада еңбек етіп жүрген әріптестерімізге жұмыстарыңыздың келешекте де Қазақстан экономикасының қаржы әлеуетін дамытуға және күшейтуге, және де кәсіпкерлік секторының қаржы жағынан ырысты-берекелі болуына мүмкіндік туғызуға бағытталуына тілектеспіз. Дендеріңіздің сау, еңбектеріңіздің жемісті болып, қаржылық қызметте тұрақтылық пен жаңа белестерге жетулеріңізге жүрекжарды тілегімізді білдіреміз!
А.Төлембекова,
аудандық қазынашылық басқармасының басшысы.