Бүгінгі таңда дүниежүзінде екі жүзге жуық мемлекет бар болса солардың өздеріне тән Конституциясы бекітілген. Конституция – әр елдің мемлекеттік, қоғамдық құрылымын көрсететін негізгі құжат.
Конституция елімізде азаматтық қоғамның орнығуы мен құқық үстемдігінің бекуіне барынша ықпал етіп, тиімді билік жүйесінің қалыптасуы мен ұлттық заңнаманың дамуын және басқа да қоғамдық институттардың сындарлы жұмыс атқаруын қамтамасыз ететін нормативтік негізі мықты, өміршең де маңызды құжат екендігі бүгінгі таңда мойындалған ақиқат.
Конституция – Мәңгілік Ел идеясын орнықтыруға бет түзеген, тәуелсіздіктің жасампаз рухы салтанат құрған еліміздің берік тұғыры десек, оның кемелділігінің өзек-арқауы бүгінгі таңдағы қоғамдық қатынастың сан-салалы мәселелерінде экономикалық-әлеуметтік, саяси, мәдени тұрғыдан дамып, өркендеуіміздің нәтижесіне тікелей байланысты.
Төрткүл дүниеде орын алған экономикалық дағдарыстарға қарсы әрекет жасау, ішкі және сыртқы саясатқа ықпалы бар халықаралық ахуалды ескеру, мемлекеттік басқару жүйесі мен аса маңызды әлеуметтік мәселелерді дер кезінде шешу үшін тиімді ұлттық заңнаманы жетілдіру қажеттілігі туындаған кезеңдер де болды. Мұндай сәттерде тығырықтан шығудың үнемі ұтымды жолдарын таңдай білетін Елбасының дүниежүзілік озық тәжірибеге жүгіну қажеттігі туралы ұсыныстары басшылыққа алынды. Осының бәрін ретке келтіріп, іске асыру үшін Ата Заңымыздың әлеуетті мүмкіндігіне жүгінуге тура келді.
Демократиялық жолмен өркендеп, келешекке бағыт алған елімізде мемлекеттілікті қалыптастыру жолында биліктің халық мүддесінен туындайтын бағыт-бағдарын нақты айқындауда қол жеткен жетістігі де Конституцияның ерекше кемелділікке бастайтын қағидалы арқауы.
Конституцияның тағы бір кемелді сипаты құқықтық мемлекет идеясын, ел бірлігін, бейбіт өмірді, жан-жақты өркендеген жасампаз дәстүрді орнықтырып, өркениеттің көшіне кедергісіз қосылу мақсатын жүзеге асыруға тікелей ықпал еткеніне, Қазақстанның мәртебесін көтеруге мол мүмкіндік жасағанына байланысты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бастан кешкен қиын-қыстау кезеңде де, қазіргі даму кезеңінде де Конституцияның ел өмірінің барлық саласында тура жол сілтеп, кемелденудің алтын арқауына айналғанын өмірдің өзі айқын дәлелдеп отыр.
Сондықтан да Конституциямызды – ел кемелділігінің негізгі арқауы деп мәлімдеуге құқылымыз!
Б.АШЕЕВ,
аудан прокуроры, әділет кеңесшісі.