Тәуелсіздік құрметіне – теңбіл доп турнирі

Тәуелсіздіктің баянды болуы үшін қуатты әскер қалқандай қорғауы тиіс. Түн ұйқымызды қызғыштай қорыған сарбаздар мен офицерлердің спортқа бейім болуы, олардың сапалы қызмет етуіне септігін тигізетіні де жасырын емес.

Себебі спорт ең алдымен осы әскерге керек. Бұл саланың шығуы да осы адамдар арасындағы бәсекелестік, өмірге құштарлық, жерін қорғау мен өзіне тиесіліден айырылып қалмаудан шыққан. Бұл үрдіс бүгінге дейін жалғасып, спорт әскери бөлімдердің күнделікті машығына айналған.

Осы мақсатта 01852 әскери бөлімі 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күніне орай, Үшарал гарнизонының әскери бөлімдері мен мекемелері арасында шағын футболдан жарыс ұйымдастырды.

Ашылу салтанатында Мемлекеттік гимн орындалған соң, 40398 әскери бөлімінің командирі, Ұлан полковнигі М.С.Нұржігітов пен 01852 әскери бөлімінің командирі, подполковник Б.Ж.Қуантаев қатысушыларды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, сәттілік тіледі.

«Алдымен қазақ елін Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын. Бүгін тәуелсіздіктің 32 жылдығына орай шағын футболдан турнир өткізіп жатырмыз. 10 команда қатысты. Жеңіске жеткендерді шын жүректен құттықтаймын. Әскерилердің арасында спортты насихаттау, рухын көтеру мақсатында мұндай жарыстардың көптеп болғаны жақсы. Көріп отырғаныңыздай, Үшарал гарнизонының спорт кешеніне келген қатысушылар үшін де бұл үлкен мереке. Әскеріміз қуатты, болашағымыз жарқын, еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!» – деді ұйымдастырушы 01852 әскери бөлімінің командирі Б.Ж.Қуантаев.

Жарыс нәтижесі бойынша 40398 әскери бөлімі бірінші орын алса, ҚР ҰҚК Үшарал гарнизоны бойынша Əскери полиция басқармасы екінші орынға табан тіреді, ал 2484 әскери бөлімінің спортшылары үшін орын иеленді.

А.ШӘКӘРІМ.

Мәліметпен бөлісу: