Тауанды тарихымыздың тарғыл беттеріне оқтын-оқтын ой жүгіртсек апайтөс даланы билеген, ұланғайыр атырапта салтанат құрған сонау ержүрек сақтар мен дүниені дүбірлеткен жауынгер ғұндардан, көк сүңгілі көктүріктер заманынан тамыр тартатын өткеніміздің өрнекті тұстарының бірі ол – еліміздің мызғымас бірілігі. Небір алмағайып дәуірлердің аласапыран кезеңдерінің өзінде біздің ынтымағымыз ыдырамай, татулық атты құндылығымыз саф алтындай сақталғаны қуантады. Төрден орын алған сарқылмас құндылығымыздың ізін Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихымен астастырған тұңғыш Преидентіміздің Республиканың мінсіз іргетасының қалануындағы алатын орны ерек.
Еуразия кеңістігінде кеңінен құлаш жайған Қазақстан тәуелсіздігін тақымына бекем басқан мезеттен бастап төрт көздің емес, төрткүл дүниенің назарын өзіне аударды. Себебі, егемендігін енді ғана еншілеп, етек-жеңін жинай бастаған мемлекеттің басшысының сарабдал саясатының ықпалынан бүтіндей бір Республиканың тарихында үлкен төңкеріс орын алды. Талай азуын айға білеген державалардың қолы жетпей жүрген ядролық қарудан еркін түрде бас тартып, бар жаһан жұртшылығын осы бәтуалы байламын қолдауға үгіттеді. Қарап отырсаңыз, жаңа технологиялары мен қару-жарақтарының көптігімен ғана өзгелерден мысы басым түсіп, әлсіз мемлекеттерге сес көрсету арқасында дамып келе жатқан адыңғы қатарлы алып елдер үстемдік құрып отырған заманда бұндай қадамға бару тәуекелі мол іс болатын. Алайда, текті жұртымыздың біртуар азаматы, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев аталмыш түсініктің қате екендігін аңғартты. Бұл баянды болашағымызға, кемел келшегімізге жасалған алғашқы қадам болатын.
Ұлт көшбасшысының және бітімгерлікке, бірлікке ұйыған халқымыздың арқасында Қазақстан тарих сахнасындағы салмақты рөлдердің бірін иемденді. 25 жылдық өткеніне көз жүгіртсек ширек ғасырлық уақыт ішінде беделді мемлкеттер арасынан ойып тұрып орын алды. Халықтын хал-ахуалы, әлеуметтің әлеуеті түбегейлі өзгеріске ұшырады. Тұрғын үй, өндірістік саладағы зауыт, фабрикалар құрылысы, шағын, орта бизнес түрлерін дамыту процестеріне жіті назар аударылды. Осы мезгіл ішінде сан салада оңтайлы өзгерістер орын алып, «көмескі» тұстар жаңғыртылып, мінсіз жүйенің қаңқасы құрылды. Жасампаз істер мен нәтижелі жобалар жүзеге асырылып, заң қағидалары қайта қаралып, тиісті әрі тиімді қаулылар қабылданды. Әсіресе, денсаулық сақтау саласы, отандық дәрі-дәрмек өндірісі нарығында да іргелі де ілкімді істер атқарылды. Азат мемлекет атанған тұста 16 млн-ға жетқабыл болған халық саны биыл 18 млн-нан асып жығылды. Ғасырлар қойнауына зер салып зерделейтін болсақ мемлекетіміздің дүниежүзін таңғалдырған сәті астанамыздың Алматыдан Ақмолаға көшірілуінен бастау алды. Қиындыққа мойымай, «Бір ел, бір тағдыр!» қағидасымен дүйім жұртты болашаққа бастаған Ұлт көшбасшысының арқасында аз ғана уақыт ішінде тақырға тау тұрғызылды. Төбесі көкпен таласқан алып ғимараттар шоғырланған бас қаламыздың ірге тасы қаланды. Сәні мен сәулеті сабақтасқан елордамыздың еңсесін тіктеу жолында тасадан тас атушы әпенділердің де қарасы мол болды. Бірі мемлекет қаржысын жымқырса, екіншісі елді теріс пиғылға үгіттеп, Сарарқаның төріне салтанатты қала тұрғызу бекер әурелену деп алашапқын болды. «Басқа тартса аяққа жеткізе алмай жатқан мезетте, қиналмас жерден қиянанатқа батып күйгелекетенуіміз не тәйірі!?»,- деп кежегеден кері тартушыларда көптеп кездесті. Алайда, бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын мемлекет басшысы өз бағытынан таймай, арманындағы асқақ шаһарын шартарапқа әйгілі етті. Мемлекетіміздің даңқы мен парқын мойындаған 103 ел өкілі жасырын дауыс беру нәтижесі бойынша Астананы «ЭКСПО – 2017» дүниежүзілік мамандандырылған көрменің өтуіне лайық деп тапқан болатын.
Осы бас қаламыздың төрінде алқалы топтардың басын қосқан небір айтулы шаралар жалауын желбіретіп, алты алаштың баласын алты құрлық таныды. Озық идеясын идеологияға айналдырған Елбасымыздың арқасында Қазақстанның даңқы мен парқы бүкіл жаһанды шарлап кетті. Соның нәтижесінде жетпіс жыл бойы тасада қалған мемлекетіміз межесі биік мерейлі белестерге өрлеп, толайм табыстарға кенелді. Әрине, әр жеңісіміз бен жетісігіміздің, табысымыз бен талпынысымыздың артында тұңғыш Президентіміздің есімі тұрғаны жасырын жайт емес.
ЕСЕНБЕКОВ АЛМАТ АСХАТҰЛЫ.