Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Ж.Балапанов ауылының тұрғындарына тамаша тарту жасалды. Осы елді мекеннің тумалары – Ахметовтар әулетінің демеушілігімен ауылда 280 орындық тойхана салынып, қолданысқа берілді. Ғимараттың ашылу салтанатына аудан әкімі Ә.Жақанбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Байбазаров және аудан, ауыл тұрғындары қатысты.
Тойхана заманауи мекеменің барлық талаптарына сай тұрғызылған. Нысанның қазақи оюлармен өрнектелген шаңырағы ұлттық болмысымызды паш етіп, ерекше әсемдігімен көз тартады. Оның жылу жүйесі компьютерлік бас-қарумен жұмыс жасайды, бұл бір қалыпты температураның сақталуын қамтамасыз етеді. Ғимаратқа толық жабдықталған музыкалық аппарат қойылып, кондиционер орнатылған. Сондай – ақ ет асатын бөлек орын да қарастырылған. Құрылыс барысында 120 млн. теңге қаржы жұмсалған.
Тойхананың ашылу салтанатында аудан әкімі Ә.Жақанбаев құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін жеткізсе, ауыл ардагері, ауданның Құрметті азаматы Р.Қуатов ақ батасын берді.
Ауыл тұрғындары игі істің ұйытқысы болған ағайынды Ахметовтарға ерекше ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.
Өз тілшіміз.