Тәуелсіздіктің ұрпақтары

Жуырда Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжінде аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы аясында «Нұрлы Жастар»  ЖҚБ-ның ұйымдастыруымен мемлекеттік жастар саясатын тиімді жүзеге асыру мақсатында «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты жастар форумы өтті.

Аталмыш форумға «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, оқу орындарының көшбасшылары мен өкілдері, білім, спорт мекемелерінің  қызметкерлері  қатысты.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Сүлейменов:«Жастар жылы міне – біздің креативті, ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін кезеңі осы. Бүгінде ауданымызда 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың саны 15564 адамды құрайды. Әр ауылдық округте жастар саясаты бойынша 24 нұсқаушылар өз жұмыстарын атқаруда. Қазіргі сәтте әр елді мекендегі іс жүзінде жұмыссыз жастардың тізімі жинақталып, оларды оқыту және жұмысқа орналастыру бойынша шаралар қабылдануда», — деп атап өтті.

Сонымен қатар ауданның Құрметті азаматы, «Алакөл-Әлеумет-Сұхбат» славян этномәдени орталығының жетекшісі К.Власенко мен ҚР Қарулы күштерінің ардагері, «LM» продюсерлік орталығының жетекшісі Л.Ермазанова патриоттық бағытта әңгіме өрбітіп, еліміздің болашағын жас толқынға сеніп тапсыратындықтарын жеткізді.

Мәдениет саласының қызметкері, «Жас Отан»  жастар қанатының белсенді мүшесі А.Азимханова аудандық мәдениет саласындағы жастар  жайлы, оларға беріліп отырған мүмкіндіктерді тілге тиек етті.

Форум соңында облыстық дін зерттеу орталығының аудан бойынша инспектор теологы Б.Тәңірбердиев жат діни ағымдардан сақ болуды ескерте келе, арнайы бейнероликті жалын иелерінің назарына ұсынды.

М.НҰРҚАСЫМОВА.

Мәліметпен бөлісу: