Тағдырыңды бәске тікпе: лудомания дерт


Жеңіл ақша табу жолында көбіне жастардың, орта толқынды азаматтардың бәс тігіп, құмар ойынға басымен құныққан жағдайларды естіп, көріп те жатырмыз. Қаржының кеткені былай тұрсын, тағдырын да талқыға салып жібергендердің өмірі тіпті қиын.
Топшылап қарасақ, құмар ойынға құнығу бұл адамның өз таңдауы. Ешкім де мылтықпен итеріп қаражатыңды сал, бәс тік демейтіні рас. Бұл қазіргі күніне қырық құбылған заманда ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, тез әрі қомақты ақша тапқысы келген азаматтардың жан жарасы.
Әлемдік зерттеулерге назар аударсақ, құмар ойынға құл болып, құрығын ілген миллиардтаған адамдар бар. Алайда, солардың ішінде қоржынын толтырып, қалтасын қампитқан ешкім жоқ. Арагідік 100-200 мың арасынжа сәті түсіп, ұтысқа ие болғанымен, сол ақшаны алу үшін бұған дейін миллиондап ұтылғанын елеп-ескеріп жатқандары шамалы. Жалған үміттің жетегінде жүрген бұндай азаматтар лудомания дертіне шалдығып, ақыры соңы үйіндегі затын сатып, ағайын-туыс, жақын-жолдастан қарызданып, былыққа белшеден батып жатады. Ақыры соңы, әлеуметтік желіде таяқтың ұшы әбден тиіп, «сақ болыңыздар, құмар ойынға жоламаңыздар» деп, бармақ тістеп жатады.
Азарт үшін аза шегіп, азып-арып жүргендердің қатары күн санап артуда. Мемлекет тарапынан құмар ойын мекемелерінің жарнамасына тыйым салып, ғаламтордағы парақшаларын да бұғаттап жатыр. Тексерулер мен заңды түрде жазалаулар да баршылық. Алайда, жеңіл ақшаға көз тіккен азаматтарымыз жолын тауып, құмарға құлдық ұрған қадамдарын жалғастырып жатыр.
Ықылым заманнан «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп, яки «Еңбектің наны тәтті» деп ұрандатқан халықпыз. Адалынан ас тауып, отбасыңды өсіріп-жеткізу жолыңда ерінбей еңбек етуге баулуда қазақы тәрбие сүрінген емес. Бірақ, жаңа замандағы өзгеріс-бұлтарыстардың, рухани емес материалдық құндылықтар жоғары тұрғанда мезетте құмар ойынға құмарту үрдісін тоқтату оңайға соқпауда.
Әр адам өз тағдырының иесі. Пешенемізге жазылғаны сол шығар деп, қол қусырып отыру жарамайды. «Әрекетке қарай берекет» демекші, тағдыр жолымызды түзеу мақсатында адал еңбекке бас бұрып, лудомания сынды сергелдеңге салған құбылыстан сақ болайық. Таңдау өзіңізде…


Алмат ЕСЕНБЕКОВ,
«Алакөл» аудандық газетінің директор – бас редакторы.

Мәліметпен бөлісу: