Тағдырым спортпен тамырлас…

Әсілі, адам баласының басына кейде батпандай байлық, кейде бармақтай бақ жазылады. Алайда кейінгісі алғашқысына қарағанда бақыттырақ ғұмыр кешетінін де көзіміз көруде. Сиқырға толы ғұмырдың тылсым ғұрпы да осы.

Шығыстан шырай таныта шыққан күн сәулесі Қызылащы ауылдық округіне нұрын себездеп, таңғы шуақпен таласа мектепке асыққан Абай Бекенұлына да ерекше сыңай танытқандай. Қара шаңыраққа қарай тігінен сұлай құлаған тас жолмен аяң басқан азаматтың жүрісі нық. Самайына кәріліктің ақ қырауы қонса да, бойдағы қуаты мен ширақтығын жоғалтпаған ағамыз шапшаң қозғала білім ордасының есігіне кірді. Мектеп іші де абыр-сабыр. Кабинеттеріне асыққан балалар, шәкірттерін түгендеген ұстаздар. Тірліктері бөлек жандардың ортақ тілегі Абай ағаның аман-саулығын сұрап, «ассалаумағалейкумдап» қолын алу. Бұл талай жылғы еңбектің, ағалық абырой мен азаматтық беделдің бір көрінісі ғана.

Спорт десе бір тамыры артық соғатын Абай Байділдаев осы мектепте ұлағатты ұстаз. Талай талантты шәкірттердің жолын ашып, белгілі бір биіктерге шығарған тәлімді мұғалім.

Кейіпкеріміз 1960 жылы осы елді мекенде дүние есігін ашып, бүгінде асқарлы алпыс деген жастың шыңына да шықты. Елге сыйлы, ағайынға қадірлі, ауданға танымал азаматтың өмір белестеріне көз жүгіртсек аумалы-төкпелі кезеңдердің өзінде ерге тән мінезінің арқасында әр сыннан сүрінбей, бүлінбей өтіп, кісілік келбетіне кір жұқтырмағанын байқамыз.

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп, қолын мезгілінен кеш сермеуді жөн көрмеген бала Абай мектеп жасынан зерек, оқуда озық болып өсті. Өзгелерден ерекшелендіріп тұратын мінезінің бірі – еңбекке деген сүйіспеншілігі еді. Жастайынан ауылдың қара жұмысында еті қатайған ол әр қызметтің жөн-жосығын біліп, жалқаулық атаулыға қас болатын. Егін басында, ірілі-ұсақты мал жанында жүріп, әке мен ағаның ақылына ертеден қаныққан. Түрлі техникалардың да тілін меңгеріп, ауылдағы үлкен-кішінің арасындаға беделі күн өткен сайын өрістей түсті.

Қазақтың біртуар азаматы, биыл 175 жылдығы әлемдік дәрежеде аталып жатқан Абай Құнанбайұлы айтпақшы адам баласы екі түрлі мінезбен өмірге келеді. Соның бірі «Білсем. Оқысам. Үйренсем» деген тәмсілді тұғыр ететіндер. Ұлы ғұламаның есімін еншілеген ағамыз да осындай мінезбен дүние есігін ашқан.

Үшаралдағы М.Мыңбайұлы атындағы орта мектебінде білім ала жүріп, жаттықтырушы Төлеген Кәрімовтың нұсқаулығымен еркін күрес, футбол, волейбол, баскетбол және жеңіл атлетика сынды спорт түрлерінен біршама жетістіктерге қол жеткізді. Тіпті еркін күрестен аудан құрамасында өнер көрсетіп, облыс чемпионы және жүлдегері болды. Негізінен ауданға волейбол ойынының жанашыры, жанкүйері ретінде танымал. Ширақтық пен шапшаңдылықтан бөлек, ақыл-айланы талап ететін спорт түрін таңдап, бірашама шәкірт те тәрбиелеп шығарған. Спортта ғана емес есепте де жүйрік ағамыз мектеп жасында математикадан облыстық олимпиададан да бас жүлдені иемденіп, сол заматтарда екінің бірінің қолы жете бермес Қырымдағы Бүкіл Одақтың пионерлер лагеріне жолдама ұтып алған еді.

Мектепті тәмамдағаннан кейін жігіт Абай Алматы ауыл шаруашылығы институтының аграном мамандығына оқуға түседі. Жастық жалыны жанарынан атқылап тұрған ол бұнда да өзінің белсенділігінің арқасында көзге түсіп, үздік білімгерлердің көшін бастады.

Еңбек жолын Ақсу ауданындағы өсімдік қорғау стансасында аграном болып бастады. Артынша ауыл шаруашылығын химияландыру мекемесінде маман, 1982 жылы Киров атындағы кеңшарда аграном, гидротехник, есепші, механик, бөлімше меңгерушісі, директордың жем-шөп дайындау жөніндегі орынбасары, 1997 жылы «Алматы Дом строй» компаниясында құрылыс мастері болды.

Алайда болашақ иелерін тәрбилеу және спортқа баулу ісін жөн көрген ағамыз І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-де орыс тілі және әдебиеті пәні бойынша екінші дипломын қолына алды. Сөйтіп, Қызлащы орта мектебі директорының шаруашылық жөіндегі орынбасары лауазымына және аталған пән мұғаліміне тағайындалды. Сол уақыттан бері талай шәкірттері аудан, облыс көлемінде үздіктер қатарынан көрінуде.

Бұдан бөлек Абай Байділдаев өзінің ақындық қасиетімен де белгілі. Оның 30-дан астам өлеңдері олыстық, аудандық баспа беттерінде жариланды. Ал қаламынан тамып түскен Айбынды, айдынды Алакөлім, Қызыма және Қызылащы менің ауылым атты әндерін өңір өнерпаздары орындауда.

Абай ағамыздың отбасылық өміріне ойыссақ, 1983 жылы Орынгүл тәтемізбен шаңырақ көтеріп, бір ұл мен үш қыздың әкесі атанды. Үлкен ұлдары Арман тәртіп сақшысы, қыздары Назгүл, Жадыра және Меруерт әкесінің жолын қуып, ұстаз болып отыр.

Бүгінде ардақты алпыстың асқарын бағындырып отырған Абай Бекенұлы он немеренің де атасы. «Немере жаннан тәтті» демекші, кішкентайлардың бал қылығына мастанып, берекелі де мерекелі тірлік кешуде.

Біз де өз тарапымыздан Абай мырзаны мерейтойымен құттықтап, деннің саулығын, жақындардың амандығын, қуаныштың ең тәттісін, бақыттың ұзағын тілейміз.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: