Талап пен талпынысы серік болсын

Елбасымыз жариялаған «Жастар жылы» еліміздің ертеңіне баланатын күллі кейінгі толқын өкілдернің жаңа мүмкіндіктерге  ие болатын кезі деп білемін. Осы уақытқа дейін де Ұлт көшбасшысының бастамасымен көптеген игі істер жүзеге асты, әлі де жастарымызға ынта-жігер, биік мақсаттарға жетуге жаңаша серпіліс сыйлап келеді.

Күні кеше Елбасының қатысуымен өткен «Жастар жылының» салтанатты ашылуы көңілге қуаныш сыйлады. Олай дейтініміз еліміздің әр аймағынан жиналған қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген және де табысты жұмыс атқарып жатқан жастарымыздың Мемлекет басшысымен тікелей жүздесіп, жеткен жетістіктерімен бөлісіп, алға қойған мақсаттарын ортаға салуы, ұсынастарын жеткізуі барша Қазақстан жастарының атынан айтылды деп білемін. Өз сөзінде Президент те әр салада атқарылып жатқан жастарға қатысты шаруаларды атап өтіп, тың серпіліс беретін жаңа жобалармен қуантты.

Біздер, Алакөл ауданының жастары да Елбасының қатысуымен өткен жастар жылының салтанатты ашылуы рәсімін тамашалап марқайып қалдық. Себебі аудан жастарын жігерлендіретін туризм саласы басты назарға алынатын шаруалар қатарынан орын алды. Жаңа баспана, жұмыс орындарына орналасу, ауыл шаруашылығына да көптеген мүмкіндіктер берілетіні бір серпілтіп тастады.

Өңіріміз өзінің табиғатымен, егін шаруашылығына қолайлы климатымен мақтана алады. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып табысқа жетуге болады деп ойлаймын.

Елбасымыз сондай-ақ жастарды мемлекетімізге көмектесуге оның ары қарай дамуына ықпалдасуға шақырды. Бұл дегеніміз бізге сенім артуы, болашаққа нық сеніммен қарауға шақыруы деп ойлаймын. Осы ретте жастардың әлеуметтік жағдайы да алға басады деп үміттенеміз. 2019 жыл толайым табыстарға толы болғай.

Ж. ЖИЕНБАЕВ,

Жайпақ ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы.

Мәліметпен бөлісу: