Талдықорғанда бір ауысымда 500 адам қабылдайтын жаңа емхана ашылды

Республика күні қарсаңында Жетісу облысының Талдықорған қаласында жаңа қалалық емхана ашылды. Бұл медициналық мекеме қаланың қарқынды дамып, жаңа тұрғын үйлер салынып жатқан бөлігінде тұратын халық үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бір ауысымда 500 адам қабылдауға арналған емхана тіркелген 62 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қатысты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ашылу салтанатына қатысқан Бейбіт Исабаев жиналған қауымды  емхананың ашылуымен құттықтады:

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға айрықша мән беріп келеді. Осы бағыттағы міндеттерді жүзеге асыру – біздің өңірлік саясатымыздың басым бағыттарының бірі. Талдықорғанда үшінші емхананың ашылуы – осындай атқарылған жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі. Бұрын бұл ғимарат сот органдарын орналастыру үшін салынып бастаған еді. Алайда облыстар бөлінгеннен кейін оған қажеттілік болмады. Сондықтан жобаны халықтың қажетіне қарай өзгерту туралы шешім қабылданды. Қаланың осы бөлігінде тұрғын үй құрылысының қарқынды жүруіне байланысты халық саны да артып келеді. Осыны ескеріп, үлкен әрі заманауи емхана салуды жөн көрдік. Мұндай емхана өңірде жоқ: іші де, сырты да әдемі, ауласы абаттандырылған, құрал-жабдықтары жаңа заманға сай. Жаңа емхананың ашылуымен баршаңызды құттықтаймын! Бұл маңызды әлеуметтік нысан тұрғындардың игілігі үшін табысты қызмет ете берсін, — деген Б. Исабаев мердігер ұйым басшылығы мен ұжымына құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде аяқтағаны үшін алғыс айтты.

Емхана заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Мұнда магниттік-резонанстық және компьютерлік томографтар, рентген және маммография аппараттары орнатылған. Сонымен қатар қажетті диагностикалық зерттеулер жүргізуге арналған жеке зертхана қарастырылған.

Облыс әкімінің айтуынша, өңірде медициналық көмектің сапасын арттыру үшін кадр тапшылығы мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлінеді. Осыған байланысты облысқа медицина мамандарын тарту мақсатында біржолғы көтермеақы төлеу көзделген. Қалаға жұмысқа барған дәрігерлерге 5 млн теңге, ал ауылдық жерлерге барған мамандарға 10 млн теңге көлемінде қолдау көрсетіледі.

Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде дәрігер тапшылығы екі еседен астамға қысқарды. Ал 32 медициналық учаскесі жұмыс істейтін жаңа емхананың штаттық бірліктерінің жалпы саны 445. Медициналық мекеме учаскелік қызмет, жалпы практика дәрігерлерінің қабылдауы және бейінді мамандардың консультациялары бар алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетеді.

Жобада ғимарат ішінде және оған іргелес аумақта қозғалысы шектеулі азаматтардың кедергісіз кіруі мен қауіпсіз жүріп-тұруына қажетті жағдайлар қарастырылған.

Салтанатты рәсімде жаңа ғимараттың символдық лентасы қиылды. Мұнан кейін шараға қатысушылар мен қонақтар емхананың ішін аралап көрді. Облыс әкімі медициналық кабинеттердегі заманауи құрал-жабдықтардың жұмысымен және тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтердің ұйымдастырылуымен танысты.

Емхана директоры Сәуле Құсмолданованың айтуынша, бұл медицина нысаны отбасылық бағытта.

— Мұнда отбасылық денсаулық орталығы жұмыс істейді. Сол сияқты Талдықорғанда алғаш рет амбулаториялық хирургия орталығы ашылады. Барлық шағын инвозиялық операциялар осы жерде жасалады. Күндізгі стационар, заманауи зертхана да бар, деді Сол.  

Жаңа емхананың ашылуына қатысты медицина мамандары, сондай-ақ қала тұрғындары пікір білдірді.

— Өткен жылы жұбайым екеуміз Астанадан Талдықорғанға көшіп келдік. Көтермеақы алдық, бұл жас отбасымызға үлкен қолдау болды. Енді жаңа емханада жұмыс істейміз. Емхана заманауи медициналық жабдықтар орнатылған, сапалы диагностикадан өтуге мүмкіндік бар, барлығы жаңа. Осылайша, қаламызда заманауи медициналық орталық пайда болды, — деді жалпы тәжірибелік дәрігер Ілияс Сәби.

— Жаңа емхана туралы жалпы әсерім өте жақсы. Мұнда көптеген жаңа медициналық аппараттар бар екен. Бұл – жақсы жаңалық. Енді қаламызда сапалы медициналық көмек алудың мүмкіндігі арта түседі, — деді талдықорғандық Анастасия Селеванова.

Жергілікті тұрғын Әният Бейсембекұлы да осындай пікірде:

— Ең бастысы, мұның бәрі халықтың игілігі мен денсаулығын нығайту үшін жасалып жатыр. Өзім осы шағынауданда тұрамын. Енді дәрігердің қабылдауына бару үшін қаланың басқа бөлігіне қатынаудың қажеті болмайды. Бұл емханаға келу маған әлдеқайда ыңғайлы, оның үстіне мұнда бәрі жаңа, — деді ол.

Атап өтсек, бес қабатты жаңа емхана ғимаратының жалпы ауданы 11 562,7 шаршы метр.

Жаңа заманауи медициналық мекеменің ашылуы Жетісу облысының денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы және өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы кезекті қадам деуге болды.

Жалпы, Жетісу облысы құрылғаннан бері өңірде 149 жаңа медициналық нысан салынды. Оның 59-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Сонымен қатар 15 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Соңғы 4 жылда әлеуметтік сала инфрақұрылымын жаңғырту деңгейі 55,8%-ға жетті.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өмірәлинов

Мәліметпен бөлісу: