Талдықорғанда биыл 13 мың ағаш отырығызылады

Талдықорғанда «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында қаланы көгалдандыру, абаттандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүріп жатыр. Салтыстырсақ, 2024 жылы қала аумағына 10 мың ағаш көшеті отырғызылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 12 мыңға жетті. Ал 2026 жылы 13 мың ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қала көшелері мен қоғамдық орындарға 50 мыңға жуық, ал саябақтарға 150 мың дана біржылдық гүл егілді.

Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Алмас Барлыбеков:

– Біздің басты мақсатымыз – егілген жасыл желектердің сақталуын қамтамасыз ету. Сондықтан көшеттерді күтіп-баптау, суару және ирригациялық жүйелерді жаңғырту жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Бұл шаралар қаланың экологиялық жағдайын жақсартып, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді.

Талдықорған қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі берген ақпарат бойынша жасыл желектерді тиімді күтіп-баптау мақсатында «Жастар» саябағы мен Қаратал өзенінің жағалауындағы скверде автоматты суару жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Аталған жұмыстар наурыз айында басталып, бүгінде оның 70 пайызы орындалған. Жобаны шілде айында аяқтау жоспарланған. Биыл қаладағы арық желілерінің 5 шақырымына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта қаланың оңтүстік-батыс және орталық бөліктеріне су жеткізу жұмыстары атқарылуда. Ал арық желілеріне су беру 3 маусымнан басталады.

«Жетісу-Ақпарат».

Мәліметпен бөлісу: