Жетісулықтар жуырда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында баспаналы бола алады. Бағдарлама арқылы берілетін үйлер «Жергілікті атқарушы органдар арқылы кредиттік тұрғын үй құрылысы» бағыты бойынша қаланың оңтүстік-батыс ауданында салынып жатыр. Таза әрлеудегі пәтерлердің 1 шаршы метрінің құны 140 000 теңгеге тең.
Аталмыш бағдарлама бойынша тұрғын үйлер 50/50 қағидасымен беріледі, яғни 50%-ы әкімдікте үй кезегінде тұрғандар және 50%-ы кезекте жоқ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары арасында сатылады. Бұл ретте кезекте тұрған азаматтарда да банк салымшысы болуы қажет.
«Банктың мақсаты — салымшыларымызды мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде баспанамен қамтамасыз ету. Осы бағытта үздіксіз жұмыс істеп келе жатырмыз,оған жергілікті әкімдік пен құрылыс салушылар қолдау білдіруде. Нәтижесінде Талдықорғанда 16 қабатты үш үйдің құрылысы биыл бітсе және 5 қабатты бір үй келесі жылы беріледі деп жоспарланып отыр. Бұның бәрі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында. Сонымен қатар, «Өз үйім» атты банктың жеке бағдарламасы бойынша осы ауданда 72 пәтер келесі жылы пайдалануға беріледі. Оның «Нұрлы жерден» айырмашылығы үй сатып алушының өз атындағы пәтердің болуының кедергі жасамауындажәне қарыз 7% жылдық мөлшерлемеменқайтарылады», — дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Құрманғалиев Жасұлан.
Сондай-ақ, «Астана Құрылыс» ҰҚК АҚ құрылыс алаңының директорыШарипқожаев Мырзахмет бой көтерген үйлердің сапасына тоқталып өтті.
-Салынып жатқан үйлердің қазығы былтырғы жылдың қараша айынан қағылып, осы күнге дейін жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Қолданылып жатқан материалдар барлық талаптарға сай әрі отандық өнім. Бүгінде нысанда 240 жұмысшы өз ісін жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, осы үйлердің жанында 2 шағын поликлиника салынуда. Осы 230 пәтерлі 3 тұрғын үйге келетін болсақ, оның 92 пәтері бір бөлмелі тағы да 92 пәтері екі бөлмелі және 46 пәтері үш бөлмелі. Үйдің жалпы құрылысы бітуге таяу, тек сантехникасы мен сыртқы жұмыстары қалды, — деді ол.
Айта кету керек, мемлекеттік бағдарламалар аясында Алматы облысындаТұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 1900 баспана пайдалануға берілген.
Айжан Оралбекова