Жуырда Алматы облысында алғаш рет «ORBULAK RACE — 375» триатлон жарысы өтеді. Қала күні аясында ұйымдастырылып отырған шара Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына арналалып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында жарыс ұйымдастырушысы Науканов Бағдат мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, аталмыш жарыс 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қатысушылар 3 км суда жүзеді, екінші кезеңде велосипедпен 7 км бағындырады және үшінші кезеңде 5 км қашықтыққа жүгіру. Сонымен бірге, жарыста облыстағы әр-түрлі сала бойынша құралған 4 топ бақтарын сынамақ. Атап айтсақ, мемлекеттік қызметкерлерден құралған «TURAN» тобы, облыстағы спортшылардан тұратын «ZHETYSU CHAMPIONS» тобы, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан «Тау Қыран» және журналистерден «БАҚ» құрама командалары қатысады.
Шараның мақсаты Елбасының «Болашаққа бағдар:Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау, мемлекеттік қызметкерлер арасында достық қарым-қатынасты нығайту, қоғамдағы жат мінез-құлықтың алдын алу және жастарды спортқа баулу.
Жиында сонымен қатар, «БАҚ» тобының мүшесі, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Асыл Сұлтанғазы топ дайындығы жайлы баяндады.
— Сөзімнің басын алдымен осы шараны ұйымдастырып отырған облыстық ішкі саясат басқармасы мен Өңірлік коммуникациялар қызметіне ризашылығымды білдіргім келеді. Себебі, мұндай тарихымыздың таңбасы бола білген Орбұлақ шайқасын мына заманда қайта жаңғырту үлкен даналық пен ұлт намасын көтеретіндей ерліктің белгісі деп білемін. Осы сайысқа қатысу да мен үшін бақыт. Оған мен үлкен жауапкершілікпен қараймын. Сондықтан болар дайындығымызды тек физикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да бастап кеттік. Ең алдымен дұрыс өмір салтын ұстанып, шамамыз келгенше күнделікті жаттығып жүрміз. Мақсатымыз қарсыластарымызды жеңу емес, қайта достық, іскерлік қатынастарымызды нығайту, — деп қорытындылады ол.
Айта кетейік, сайыстағы кезеңдердің километр қашықтықтары осы шайқасқа 375 жыл толуына байланысты сәйкестендірілген.