Талдықорғандықтар «Өз кәсібінді аш» байқауынан грант жеңіп алды

Жыл сайын «Өз кәсібінді аш» атты әлеуметтік жобалар байқауы өткізіледі. Биыл осы конкурсқа Талдықорғандық Баялышбаев Елдос пен Қарабасов Нұрболат қатысып, грант иегерлері атанды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында белгілі болды.

Аталмыш байқауға Елдос өзінің «Асар» сауықтыру орталығына келетін мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді хостел тұрғызу мақсатында қатысқан.

«Қазіргі уақытта «Асарға» келушілер үшін қаладағы кез келген жерде тұру ыңғайлы емес. Себебі, пәтер немесе қонақ үйді жалға алу қымбат және де барлық жерде лифттер мен пандустар жоқ. Сондықтан қоларбамен жүретін жандар үшін барлық жағдайды жасау біздің мақсат. Енді жобаға келер болсақ, гранттар бойынша сметалық құжаттама дайындалу үстінде, биылғы жылы біз қорды толтырып, құрылысты бастаймыз», – деді Елдос Баялышбаев.

Гранттың екінші иегері болып Қарабасов Нұрболат 10 мың доллар ұтып алды. Оның қоларбаға арналған қосымша құрылғыны пайдалану жөніндегі жобасы үлкен сұранысқа ие. Бүгінгі күні электромобильдерді сатып алуға көптеген өтініштер бар.

«2017 жылдың қыркүйегінен бастап біз электромобильдерді әкелдік. Төрт ай бойы олар 33 адамға жалға берілді. Жалға алу тәулігіне 300-400 теңге немесе айына 10 000 теңге тұрады. Бұл таксимен жүретін адамдар үшін пайдалырақ. Біз оларды жалға беру арқылы көбірек адамдарға өздігінен жүруге мүмкіндік береміз. Айта кету керек, мұндай қоларбаға арналған қосымша құрылғы арқылы пандусы бар автобустармен де жүруге болады», – деп қорытындылады Н.Қарабасов.

Мәліметпен бөлісу: