Танымал спортшы Ардақ Назаров талдықорғандық мемлекеттік қызметшілермен кездесті


«Рухани Жаңғыру» бағдарламасының аясында Талдықорғанда мемлекеттік қызметкерлердің патриоттық рухын көтеру мақсатында кездесу өтті.
Шараға елге танымал спортшы Ардақ Назаров. Алматы облысы спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, Талдықорған қаласы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілетті өкілі Асхат Тәкебаев қатысты.
Кездесу барысында кәсіпқой боксшы, панкратионнан әлемнің үш дүркін чемпионы, Азияның абсолютті чемпионы Ардақ Назаров ғибратты әңгімесін айтып, мемлекеттік қызметкерлерді халықтың ақшасына қол сұқпауға, халықтың игілігі үшін абыройлы еңбек етуге шақырды.
Ардақ Назаров кез келген жарыста табысқа жетудің кепілі – тынымсыз еңбек екеніне сенімді. Спортшы салауатты өмір салтына көп көңілу керектігін еске салып, жиналғандарды өз денсаулықтарын күтуге шақырды.
Ол тек этикалық тақырыптарды ғана емес, тәрбие мен отбасын құру саласын да қозғады. Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызметкерлерді қайырымдылық істермен белсенді айналысуға шақырды.
Айта кетейік, мұндай іс-шаралар Талдықорған қаласы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілінің бастамасымен өткізілуде.
– Әдеп жөніндегі уәкіл ретінде біз тұрақты негізде мемлекеттік қызметшілердің белгілі зиялы қауым өкілдерімен, спортшылармен, облыстардың құрметті азаматтарымен еркін кездесу форматында кездесулерін өткізіп, мемлекеттегі өзекті мәселелерді, тенденцияларды талқылаймыз. Бұл жұмыс жалғасын табады, — деді Асхат Тәкебаев.
Нұрбақыт Теңізбаевтың айтуынша, ұжымда жағымды моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыру өте маңызды.
Өз кезегінде мемлекеттік қызметкерлер де белсенділік танытып, сұрақтар қойып, рухани тұрғыда бір серпілді.
Шара соңында барлық этикалық нормаларды ұстанып, қызметте жақсы жетістіктерге жеткен мемлекеттік қызметшілер марапатталды.

Мәліметпен бөлісу: