Тарихсыз ел болмайды

«Тамырсыз тал болмайды, тарихсыз ел болмайды»,- деп келетін мақал мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының бар мәні мен бітім-болмысын ашып тұрғандай.

Мен бұл туындыны таразылай отырып, Алтай мен Атыраудың арасын, Ертіс пен Есілдің жағасын мекендеп, Қаратаудан Ұлытауға дейінгі ұлы даланы жайлаған ұлтымыздың ұлылығына, бабаларымыздың батырлығына тағы бір қанықтым.

«Жаяу жүрсе бір қазақ, атқа мінсе мың қазақ»,- демекші ертегідей ескі заманның өзінде даланың дүлділі сәйгүлікті қолға үйретіп, адамзат баласына атқа міну мәдениетін қалыптастырып, тасты талқандап, болатты балқытып, темірден түйін түйіп, дала заңына бас ұрған данышпан қазақ екені тайға таңба басқандай жазылған бұл мақалада.

Тауында жатқан тасын түртсең тарихы сөйлейтін даламыздан Алтын адам табылып, Ұлы Жібек жолы жүріп өткен алтын етек Алтайдың Түркі әлемінің бесігі атануын да заңдылық деп білемін. Ендігі осы бай тарихымызды түгендеп, өткенімізді жаңғыртып, өшкенімізді қайта жағу жолында «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасынң маңызы айтпаса да белгілі. Себебі ұлтымыздың ұлылығын дәлелдейтін деректер мен тарихи тың материялдар шаң басқан архивтер мен ұлы тұлғалардың еңбектерінде екені ақиқат. Міне осы орайда мемлекет басшысының ұсынып отырған «Ұлы даланың ұлы есімдері» және «Ұлы Дала тұлғалары» сынды жобаларды мақалада көзделген мақсаттарды жүзеге асыру жолындағы атқаратын рөлін ерекше деп санауға болады.

Бұл мақалаға көз сала отырып, қарға тамырлы қазақтың ғана емес, түбі бір түркі дүниесінің тарихын түгенделгенін аңғардым. Мұнда айтылған тың деректер мен архивтердегі құнды құжаттар ұлттық сарындағы жаңа деректі және көркем фильмдердің сценарийлеріне арқау болатыны айтылған.

Өз ойымды Елбасының: «Қазақтың тарихында қазақ ұялатын ештеңе болған жоқ»,- деген сөзімен аяқтап, болашақта ел тарихында ұлт ұялатын еш нәрсе болмайтынына сенім білдіргім келеді.

Б.НИКОЛАЕВИЧ,

Ынталы ауылының тұрғыны, атбегі.

Мәліметпен бөлісу: