Ел бірлігі һәм татулығы – бүгінгі таңда әр мемлекеттің мызғымас іргетасының қалыптасуына апаратын бірден бір жол. Халықтың берекелі де мерекелі тұрмысы мен бақытты әрі бақуатты тірлігіне жетер дүние кемде кем. Себебі республиканың тұғырының нық болып, туының тік көтерілуі ең алдымен жұрттың ымыршылдығы мен достық құмарлығына байланысты болмақ.
Ұлан-ғайыр қазақ даласы – көптеген этнос өкілдерінің де Отанына айналған құтты мекен. Жер иесі қазақ халқының мейірбандығы мен жанашырлығының арқасында осы киелі мекенде бірталай ұлттың міне нешінші ұрпағы тірлік кешіп келеді. Бір атаның баласындай, бір ананың перзентіндей болып, тағдырдың тайғақ өткелдерін иық тіресе еңсердік. Бір таяқпен мал бағып, бір нанның үзімін бөле жеген күндерді де өткердік. Осы қиын да қияметті жолдағы бірлігіміздің арқасында бүгінде тәуелсіз Қазақстанда татулық туы астында өсіп-өніп жатырмыз.
Шыны керек, Елбасы Н.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында міне, отыз жылдық егемендік тарихында ұлттар достастығы жаңа деңгейге көтеріліп, нығая түсті.
Қазіргі таңда дербес еліміздің даму даңғылында бір адамдай атсалысып, мемлекетіміздің биіктерден көрінуіне жұмыла еңбек етіп жатқан талай өзге ұлт өкілдері бар. Бұл ең алдымен этносаралық бірігейлік пен теңдікке деген жіті көзқарастың және қазақ халықының өзге ұлттарға деген ерекше достығының арқасы.
Ең дамыған мемлекеттердің отыздығына ену – мақсатымыз және барлық қазақстандықтардың ортақ тағдыры. Көне тарихтың сан қатпарының қайсыбірін ақтарып, қат-қабат беттерін парақтасақ та халқымыздың асыл армандарының көш басында ең алдымен ынтымақ пен бірлік, татулық пен тыныштық тұрғанын аңғарамыз.
Қазақта «Бақ қайда барасың – ынтымаққа барамын» деген дана сөзі бар. Бәріміздің де арман-аңсарымыз – берекелі-баянды, тату-тәтті өмір сүру, жақын туыстарымыздың, ел-жұрттың аман болуы, жас өскіннің бақытты да бейбіт күлкісінің бұзылмауы.
Осынау мақсат-мүдделердің ойдағыдай жүзеге асуы ең алдымен бәріміздің қажырлы да қайратты еңбегімізге, өзара түсіністік пен ынтымаққа, еліміздегі ішкі саяси тұрақтылыққа, ұлтаралық және ұлт ішіндегі парасаттылыққа тікелей байланысты.
Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достастығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп қазақ жұрты мұны тегіннен-тегін айтпаса керек. Ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық, үстемділік тұрған жерлерде қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Бүгінгі таңда ақ айдынды Алакөл өңірінде қазақ, орыс, татар, ұйғыр, кәріс, украин, шешен, неміс және басқа ұлт өкілдері бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тірлік кешіп, елдің сәулетті болашағы үшін жұмыла жұмыс істеп, бірлік пен ынтымақтың ұйытқысына айналған. Осы орайда 16 ұлт өкілдерін біріктірген Алакөл ауданы да болашаққа сенімді қадам басып келеді.
Өңіріміздегі славян және татар этно-мәдени орталықтары күннен күнге жақсарып, ұлттар татулығының озық үлгісінің бірі ретінде, экономиканың алға қарыштауына өзіндік үлесін қосып отырғанын нық сеніммен айта аламыз. Тағдырын Жетісудың Лепсі өңірімен мәңгілік байланыстырған татар және Үшарал қаласы мен Қабанбай, Теректі округтеріндегі славян этно-мәдени орталықтары аудан халқының табысына табыс, өнері мен мәдениетіне өзіндік үлес қосуда.
Міне, 16 ұлт өкілдерін берекелі тірлікке ұйыстырып отырған ауданның тынысы осындай. Бұндағы әр азамат «елім, жерім» деп еңбек етіп, достықтың туын құлатпауға барынша атсалысуда. Алдағы уақытта да осындай жарасымды татулықта тұрмыс тегершігін айналдырып, жарасымды да жасампаз тірлігімізді жалғастыра береміз деген сенімдемін.
Еркежан ЕРБОЛАТҚЫЗЫ,
Үшарал қазақ гимназиясының мұғалімі.