«Таза Қазақстан»: Жетісу облысында 5 мыңға жуық балабақша бүлдіршіндері ағаш пен гүл көшеттерін отырғызды

Жетісу облысы аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында балабақша тәрбиеленушілерінің, олардың ата-аналары мен тәрбиешілерінің қатысуымен ағаш және гүл көшеттерін отырғызу акциясы өтеді. Ауқымды экологиялық акцияға облыс бойынша 186 мектепалды даярлық және ересек топтың 4 650  тәрбиеленушісі қатысты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.   

Сонымен қатар шараға 551 тәрбиеші мен 1 052 ата-ана қатысып, бүлдіршіндерге қолдау көрсетіп, көгалдандыру жұмыстарына бірге атсалысты. Бірлескен еңбектің нәтижесінде өңірде 3 145 гүл және 1 113 ағаш көшеті отырғызылып, облыс аумағының жасыл желекке айналуына елеулі үлес қосылды.

Маңызды акцияға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев бұл іс-шараның мақсаты балаларға табиғатты қорғаудың маңызын түсіндіріп, бірлескен еңбек арқылы олардың қоршаған ортаға жанашырлық сезімін ояту екенін атап өтті. Сондай-ақ ол балалардың туған жерге деген сүйіспеншілігі мен экологиялық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып жүрген ата-аналар мен педагогтерге алғысын білдірді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар балалардың экологиялық санасын дамытуға, елжандылығын қалыптастыруға, белсенді азаматтық ұстанымдарын бекемдеуге ықпал етеді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттерді облыстық білім басқармасы ұсынды.

Мәліметпен бөлісу: