Жер арқасы ашылып, көктем шыққалы бері қар астына қыстай көмілген қалдықтар да көрініп, қала көркіне сын келтіруде. Аулаларда шашылған, көше бойларына тасталған қоқыстарға қатаң қадағалау керек. Осы ретте аудан әкімі Ә.Жақанбаев Үшарал шаһарын аралап, тазалық бойынша тексеріс жүргізді.
Жауапты мекеме басшыларын ерткен өңір басшысы алдымен әуежай маңайын сын сүзгісінен өткізді. Жуырда ғана облыс көлемінде сенбілік ұйымдастырылғанымен аталмыш ғимарат маңайы көңіл көншітерлік емес. Жел көтеріп әкетіп, әр жерге тасталған тұрмыстық қалдықтарды көзіміз шалды. Кемшіліктер жіпке тізіліп, кесімі айтылғаннан кейін әуежай айналасына көшеттер отырғызып, көгалдандыру жұмыстарын жеделдету керектігі ескертілді. Сонымен қатар, Үшарал қаласына дейін созылған 12 шақырымдық күре жолдың бойында орналасқан қонақ үйлер мен дәмханалардың ауласы тексеріліп, иелеріне тиісті тапсырмалар берілді.
Артынша М.Дулепов көшесін жағалай орын тепкен үш бөлікті аллея мен құрылысы жүріп жатқан орталық саябақтың жағдайы пысықталды. Биыл қолданысқа берілетін демалыс орнында қызу жұмыстар жүріп жатыр. Айналасы әдемі қоршалып, жаяу жүргіншілер мен велосипед жолы төселіп, ашық аспан астындағы қойылымдық сахна бой көтерген. Дене жаттығуына арналған түрлі құрыл-жабдықтар орналастырылып, алып фонтанның да қабырғазы тұрғызылған. Өңір басшысы аталмыш нысан маңайын көгалдандыру бойынша арнайы міндеттер жүктеп, ауа-райы ыңғай беріп тұрғанда істің бір ұшын шығаруды тапсырды.
Тексеріс жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Ауданымызың айнасы саналатын Үшарал қаласының тазалығы әр тұрғынға сын. Әркім өз ауласынан бастап қоқыс-қалдықтарды жиып-теріп, айналаны ластаудан тыйылса игі еді.
АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.