Тазалыққа талап күшейді

Көктем келісімен қыстай қар астында қалған күл-қоқыстың беті көрініп, қала көркіне, одан қала берді ауылдардың келбетіне сын келтіруде. Осыған орай аудан әкімі Ә.Жақанбаев тиісті бөлім, мекеме басшыларымен жиын өткізіп, тазалық тақырыбын таразы басына тастады.

Сөз алған өңір басшысы жалпы аудандағы сенбілік жұмыстарының және халыққа тазалыққа деген көзқарасына көңілі толмайтындығын жеткізді. Таңертен ғана тазаланған көше бойларында ертеңгісін қап-қап қоқыс шашылып жатанығы және жұрттың үй-жайларының айналасын реттеуге деген немқұрайлығы ауданның абыройына кері әсерін тигізіп отырғанын тілге тиек етті.

Сондықтан да арнайы бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар беріп, көктемгі тазалық маусымының ойдағыдай орындалуы мен сенбіліктердің есеп үшін емес, өзіміз үшін жасалуын қадағалауды тапсырды.

Тазалықты әркім өз ауласынан, қора-жайынан бастау керектігі анық. Расымен де қала көшелерін бір шолып шықсаңыз әр үйдің ауласынан шашылған қоқысты аңғарасыз. Бұл жауапкершілік пен тұрғылықты жерге деген махаббаттың аздығы деп білеміз.

Әр сенбілік уақытында жұрт болып жұмыла көшеге шығып, аулаларды ретке келтіруге бірауыздан атсалыссақ жөн еді. Соның арқасында өзіміз де, балалырмыз да таза аумақта, таза өлкеде өсіп-жетілері сөзсіз.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: