Тазалық – мәдениеттің белгісі

Қоршаған ортаның тазалығы – кез келген өркениетті қоғамның басты көрсеткіштерінің бірі. Таза көше, көрікті аула, жасыл желекке бөленген елді мекен – тұрғындардың тұрмыс сапасын ғана емес, олардың табиғатқа, туған жерге деген көзқарасын да айқындайды. Сондықтан тазалық мәселесі тек сенбілік өткізіп, көшені қоқыстан тазартумен шектелмеуі керек. Бұл – әр адамның күнделікті өмір салтына айналатын мәдениет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне айрықша мән беріп келеді. Президенттің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы да осы мақсатқа бағытталған. Мемлекет басшысы қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың маңызын кеңінен дәріптеу қажеттігін атап өтіп, тазалықты халықтың күнделікті дағдысына айналдырудың маңызын айтқан.
Президент өз сөзінде: «Біз экологиялық мәдениеті жоғары ел болуымыз керек. Тағы да атап өтейін: бұл – мемлекетіміздің Конституциясында айқындалған аса маңызды міндет. «Таза Қазақстан» – жарқын болашағымыздың кепілі», – деген болатын.

Бұл сөздің астарында үлкен жауапкершілік жатыр. Өйткені қоршаған ортаның жағдайы тек бүгінгі ұрпақтың емес, келешек буынның да өмір сапасына тікелей әсер етеді. Табиғатты қорғау, көшені таза ұстау, жасыл желекті көбейту, су мен табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану – баршамызға ортақ міндет. «Таза Қазақстан» бастамасының ерекшелігі де осында. Бұл – белгілі бір уақыт аралығында ғана өткізілетін науқан емес, қоғамның экологиялық санасын қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді жұмыс. Президент те бұл бастаманың уақытша науқан болып қалмауы керектігін атап көрсеткен.
Тазалық ең алдымен адамның өзінен басталады. Өз ауласын таза ұстаған адам көшесіне де жанашырлықпен қарайды. Көшесін қадірлеген азамат туған жерінің табиғатын қорғауға атсалысады. Ал мұндай көзқарас отбасынан балаға, үлкеннен кішіге берілетін жақсы тәрбиеге айналады.
Шын мәнінде, тазалықтың мәні тек қоршаған ортаны қоқыстан арылтумен өлшенбейді. Таза ой, таза ниет, адал еңбек, қоғамдық тәртіпке құрмет – өркениетті қоғамның ажырамас құндылықтары. Адамның табиғатқа деген қарым-қатынасы оның азаматтық мәдениетінің де бір көрінісі.

Бүгінде еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» аясында түрлі экологиялық шаралар ұйымдастырылып келеді. Аулалар тазартылып, көшелер ретке келтіріліп, ағаштар отырғызылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Мұндай жұмыстарға мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен қатар, жастар, еріктілер, еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйымдар және тұрғындар да атсалысуда.
Алайда тазалықты тек сенбілік кезінде еске алу жеткіліксіз. Бір күнде тазартылған аумақтың қайтадан ластанбауы үшін тұрғындардың жауапкершілігі қажет. Қоқысты белгіленбеген жерге тастамау, қоғамдық орындарды бүлдірмеу, табиғи нысандарға ұқыпты қарау сияқты қарапайым ережелер әр адамның әдетіне айналуы тиіс.

Мәліметпен бөлісу: