«Жастар жылы» аясында кейінгі толқын өкілдеріне жанашырлық, мейірмандық қаситтерін бойларына сіңіру және жақсылыққа балу мақсатында «Бір арман» қайырымдылық қоры мен Үшарал қалалық округі әкімдігінің ұйытқы болуымен бастама көтерген «Тегін дүкен» акциясы өз жалғасын табуда.

Екі аптада бір мәрте ұйымдастырылатын игілікті іс зейнеткерлер мен көпбалалы аналарға, мұқтаж отбасылар мен ерекше күтімді қажет ететін жандарға көмек көрсетуді көздейді. Бұл жолғы шара барысында 15 отбасыға азық-түлік және де тұрмысқа қажетті өзге заттар тегін таратылды. Бір айта кетерлігі сауапты істің жүзеге асып жатқандығын естіген мұқтаж азаматтар арнайы хабарласып, бұл жолғы акцияға келіп қатысты. Бұл жолғы шара барысында игерілген қаражат 74 мың 560 теңгені құрады. Алғашқы акция барысында 62 мың 420 теңгеге қайырымдылық істері атқарылғанын ескерсек, екінші мәрте ұйымдастырылған шара жұмыстың сәл болса да ілгерілеп келе жатқанын аңғартады. Алдағы уақытта да «Тегін дүкен» акциясы өз жалғасып таба бермек.
«Біз бұл акцияны эстафета ретінде аудандағы барлық ауылдық округ жастарына және облысымыздағы белсенді қыз-жігіттерге жолдадық. Ендігі міндет олардың белсенділік танытып, қайырымдылық қозғалысының тоқтап қалмауына ұйытқы болулары. Сондай-ақ жақлықтың қанат жаюына ықпал еткісі келген кез келген азаматты осы жобаға қатысып, сауап жинауға шақырамыз»,- дейді, «Бір арман» қайырымдылық қорының жетекшісі, жас журналист
А.Есенбеков.