Теміржол көлігін дамыту: тасымалдау сапасын және халыққа қолжетімділікті арттыру

Көлік ел экономикасының инфрақұрылымын қалыптастыратын салалардың бірі болып табылады, нақты әрі үздіксіз жұмыс істейтін көліктік кешен болмайынша мемлекеттің экономикасы ойдағыдай дами алмайды. Бұл ең алдымен, теміржол көлігіне қатысты, сол арқылы халықаралық және аймақаралық жүктер мен жолаушылар тасымалының негізгі бөлігі жүзеге асырылады. Соңғы жылдары Қазақстанда инновациялық жобаларды жүргізу мәселелеріне барынша көп назар аударылуда. Инновациялық жобаларды жүзеге асыру мақсаты — бәсекеге қабілетті ұлттық көлік инфрақұрылымын құру, бұл теміржол көлігі саласын басым дамытуды көздейді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауданымызда «Достық-Мойынты» теміржол учаскесінде екінші жолдың құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Аталған жобаның құрылысы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында қолға алынған. Жалпы, Достық жүк тасымалы бекетінен Мойынты стансасына дейінгі 836 шақырымдық екінші теміржол желісі отандық өнімнің экспортын ұлғайтуға және елдің транзиттік әлеуетін арттыруға тікелей ықпал етпек. Жобаға тапсырыс беруші «Самұрық – Қазына» әл-ауқат қоры болса, оның құрылыс жұмысын «Integra construction kz» ЖШС жүзеге асыруда. Құрылыс барысында 5 ірі, 87 шағын және орта масштабтағы көпір, 288 су жүргізу құбыры, 14 автожол өткелі, сондай-ақ энергетика және байланыс нысанын салу жоспарланған. Жоба қолданысқа берілгенде отандық теміржол тасымалының қуатын арттырумен бірге «Қазақстан теміржолы жүк тасымалы» АҚ Алматы бөлімшесінің Достық жүк тасымалы стансаның жұмысы да қыза түседі. Құрылыс жұмысына жергілікті тұрғындар тартылыпты. Олардың айлық табысы да жақсы. Ертеңгі күні ел әлеуетін өсіруге жұмыс атқаратын жаңа жоба бүгінде жергілікті жұрттың әл-ауқатын арттыруда.

Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ұлжалғас Дүйсебаева

Мәліметпен бөлісу: