Айналаға бір назар салыңызшы. Өмір өз ағынымен жайбарақат жылжып жатқандай көрінеді. Таң рауанымен таласа жұмысқа асығып, кешкісін бала-шағамыздың қамы деп үйімізге ораламыз. Күйбең тірліктен көлеңке астында жасырынған кей мәселелерді аңғармай да қаламыз. Көзіміз байланған қалпы ең соңында бармағымызды тістеп қалмасақ игі еді.
Көрінбей жүрген мәселенің бірі – діни қақтығыстар, терроризм мен экстремизм көріністері. Шынтуайтқа келсек – содырлық әрекеттердің белгілі бір діні яки сенімі жоқ. Оның артында экономикалық, саяси сұрқайылықтар ғана жатыр.
Терроризм – әр елдің тыныштығы мен бүтіндігіне орасан қауіп төндіретін, мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгертетін, тәуелсіздік тұғырының тік көтерілуіне кедергі келтіретін кесапат. Өздерінің теріс пиғылдарын жүзеге асыру және билік пен байлыққа кенелу үшін лаңкестер ештеңеден де тайынбайды. Бейбіт тұрғындарға залал келтіру, дүние-мүлік пен адам өміріне де қауіп төндіру, соғыс ашу, бейбітшілік беп береке-бірлікке сына қағу – олардың басты мақсаттары. Сол арқылы өз саясаттарын жүзеге асырып та отыр.
Бір өкініштісі, террорлық және экстремистік топтар хақ дініміздік, яғни Исламның атын жамылып, өздерін әлемді тазартушы, туралыққа бастаушы ретінде көрсетеді. Салдарынан «Ислам» дінің жайлы сөз қозғалса ақиқат пен әділдіктен бөлек содырлық істер қатар еске түсіп, шариғат жолына дақ жұғып жатқаны да жасырын емес. Ал дәстүрлі дініміздің басты бағыты адамзат баласын ізгілік пен мейірімділікке бастау екендігін білсек те, жат ағым жетегінде еріксіз кеткен талай жерлестерімізді көзіміз көріп жүр.
Қазақ халқы ежелден діні мен дәстүрін сабақтастырып, ұрпағына тал бесіктен тәлімді тәрбие беруге тырысқан. Өзінің тыйымдары мен ғұрпындағы талай ерекшеліктерін тікелей Ислам дінінің құндылықтарынан алып, балаға сенім мен хақ жолының туралығын түсіндіріп жеткізген. Санасы салмақтанып үлгермеген бүлдіршіндерге діндік сипаттағы тағылым беру оңай шаруа емес, Сондықтан да үйреншікті тірлік барысымен сабақтастыра отырып, барынша діндік тәрбиеге дағдыландыра түскен. Бұл ісімен жаңылысқан да емес. Ертеде ұлттық болмыстан нәр алып, қазақилықтың нұрына шомылған ұл-қыздардың ешқайсысы да «сәләфит» боламын сабылған емес, «уахабис» боламын деп жолынан да жаңылмаған. Киесі кимешегінен білінер ақ жаулықты әжелеріміз, күмістей сақалын самал жел сипаған қаряиларымыз да бес уақыт намазын қаза қылмай, туралықтан тайып көрмеген. Қазіргі дамыған заманның, технологиялар мен жаңашылдықтардың кесірінен жат ағым насихатшылары да ғаламторды кеңінен пайдаланып, құйтырқы әрекеттерін жүзеге асыруда. Онымен қатар, дуалы аузынан дұғалы батасы төгіліп тұрар ақсақалдар да азайып, тілек пен батаны айыр алмай, алақан жайып «ал, алып қоялық» дейтін үлкендерден де қайыр қалмағандай. Шөлмегіне жабысқан ата шөбереге не тәрбие бере алар дейсіздер. Құндылықтар құрдымға кеткен заманда террорлық топтардың да әр қадамының қарымы артып келеді. Оған тиімді жағдайды өзіміз жасап отырғандаймыз.
Мемлекеттің тыныштығын сақтау мен ел тәуелсіздігін бекем ұстау үшін дінді саясатқа айналдырмай, жат ағым өкілдерінің жолын кесуге, экстремистік ұйымдардың тамырына балта шабуға барымызды салғанымыз жөн. Ертеңіміздің баянды болуы бүгінгі ісімізбен, әрекетімізбен тікелей байланысып жатыр.
Елбасы Н.Назарбаев бір сөзінде: «Егер жастарымыз халқымызға жат уағыздарға ерсе, мемлекетіміздің болашағы не болмақ? Біз бұған жол бермейміз. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы жарқын, ұлтымыз тату болып, еліміз зайырлы мемлекет ретінде одан әрі дамуға тиіс… Әлемдік әлеуметтік желілер діндер мен дін қызметкерлеріне қарсы толассыз шабуылға толып кеткенін көрмей қалуға болмайды. Әлемдік діндердің барлығы да сабырға, шыдамдылық пен ұстамдылыққа шақыруда. Адамдар арасында қақтығыстарды тоқтатып, бейбітшілік пен келісімге үндейді. Әлемнің басқа діндері секілді ең толерантты діннің бірі – Ислам. Исламды экстремизм мен лаңкестіктің кез-келген формасын ақтау үшін пайдалануға тырысу – күпірлік»,- деген болатын.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та: «Қазіргі уақытта дүние жүзінде әртүрлі жат үрдістер пайда болып жатыр. Халықты татулыққа, пәтуаға, бірлікке шақыру керек. Ал, түрлі жат діни ағымдарға тыйым салып, жол бермеуге тиіспіз. Осы бағытта дұрыс үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, ел мүддесіне қызмет ету қажет»,- деген еді.
Бұның барлығы береке-бірлікті сақтау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты айтылған ойлар.
«Сақтансаң сақтайды» демекші, әр басқан қадамымызды аңдап, айналада болып жатқан дүниелердер хабардар болып, жақындарымыздың да діни сауаттылығын, жат ағымдардың жетегінде кетпеуін бағамдап жүргеніміз жөн. Соның арқасында ұйқымыз тыныш, қуанышымыз да ұзағынан болмақ.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ,
Алакөл аудандық мәслихатының депутаты.