Тіл білгеннің тұғыры нық

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында еліміздің басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан. Н.Назарбаев халық назарына ғылым, мәдениет, білім мен тарихты тұтастай қамтитын бағдарламаны ұсынды. Себебі бүгінгі таңдағы ел мұраты – озық отыздықтан алшақ қалмау. Ол үшін бірнеше бағытты атап, межелеп берген болатын. Мақала ішінде талқыға түскен тақырып қатарында сананың ашықтығы маңызды рөл атқарады.

Аталмыш мақалада қарастылырып отырған «сананың ашықтығы» ұғымы біріншіден, өзге елдің мәдениетін игеріп, көріп, түсіну болып табылса екіншіден, жаһандық жаңа заман ағымына бейімделу, әлемде болып жатқан түбегейлі өзгерістерге бой үйрету және озық мәдени жетістіктерді меңгеру. Жаңа заман ағымына бейімделу – әлемдік аренада басты рөл атқарып отырған ағылшын тілін орыс тілінен кем білмеу. Себебі бұл тіл әлемдік экономика мен қауымдастыққа кіруімізге басты бағыт-бағдар беріп, жаңа жол ашады.

«Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді»,-деп Елбасы айтқандай, шаңына шашалып қала бермей, болашақтың бағдарына бой ұсынғанымыз жөн. Бүгінде үш тілділік мәселесі маңызды рөл атқаруда. Әлемнің жаңалығының мол қоры ағылшын тілінде болғандықтан бізде осы тілді меңгеруге, келешек ұрпаққа үйретуге күш саламыз. Өйткені бүгінгі заманның талабы сол. Көп тілді оқыту, оның ішінде ағылшын тілінде сабақ беру – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуға мүмкіндік береді.

Ғылым мен техниканың ұшқан құстай жылдам дамуы, адамдардың практикалық кәсіби тұрғыда ағылшын тілін меңгеруді талап етуде. Қазіргі таңда оқу бітірген жас түлектер шетел асып білім алып, біліктіліктерін арттырып сол жақта қалып жататындары бар. Сондай жағдайдың алдын алу мақсатында бүгінде елімізде жасөспірім мен жастар арасында көптеген жағдайлар жасалуда.Тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйсек ағылшын тілін меңгерудегі басты мақсатымыз алдымен ұлттық сананың жаңғыруы және заман ағымына сәйкес қазақстандықтардың халықаралық стандартқа сай білім алуы деп білемін.

 

Н.ДАУЛЕТБАҚОВА,

Үшарал қазақ гимназиясының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.

Мәліметпен бөлісу: