Тіл – әр мемлекеттің құндылықтар жиынтығы, оның өнегелі өткенінің көрінісі, кемел келешегінің кепілі. Дала ділмарлары атанған дана бабаларымыз: «Тілі өлген ел – тірі өлген ел» деп дөп басқаны да, ана тілдің қадір-құрметін жіті түсінгендігі деп білемін.
Қарт тарихтың қатпарлы қойнауына зер салып, зерделейтін болсақ тілдің шұбарлануы, қолданыс аясының тарылып, түбінде жойылуынан, сол ұлттың өзі де тек кітап беттерінде қалғанын аңғарамыз. Яғни, тілмен қоса тірлігі де тоқтаған.
Тәуба, сары құрлықтың қақ ортасында салтанат құрған еліміз ежелден ана тіліне зор жауапкершілікпен қараған. Тіл тағдырын ел тағдырымен сабақтастырып, ұрпақ санасына тал бесіктен сіңіруге барын салды. Себебі, тілдік құндылықтар тірлік құндылықтарымен тікелей байланысып жатқандығын айқын білді. Осы жолда қазақтың маңдайына шоқжұлдызы болып біткен қаншама арыстарымыз барын берді, жанын берді. Қаламымен қабірін қазған нар тұлғалардың еңбегінің ықпалымен тіліміз бүгінге дейін бүлінбей, сүрінбей жетті. Алайда, ащы ақиқаты сол, қазір тілдің құрметіне қаншалықты қараймыз?
Қазіргі күніне қырық құбылған заманда жаңаша бағыттар тілдің қолданыс аясын тарылтып, шұбарлануына түрткі болып отыр. Аспалы қылышқа бас имесе де, аталы сөздің алдында именетін қазақтың қаймағы бұзылмаған бұрынғы қалпы түрленіп бара жатқандай ма? Айналаға анық қарасақ, тіл тазалығына аса мән бермейтін азаматтардың көптігін байқаймыз. Мұзбалақ ақын Мұқағали үш бақытының біріне балаған тіл тұғырының теңселуіне не себеп деген сұрақ туындауы мүмкін. Ол әрине – жаңа дәуір.
Әлеуметтік желі әлеуетімізді арттырып, ғаламтор ғаламдық деңгейге шығуымызға мүмкіндік берді десек те, оның өзіндік кері тұстары да баршылық. Соның бірі – жаһандану. Отауымыз қатар тігілген елдердің тілдері де өз пәрменін тигізіп отыр. Биік мінберлерден ұрандап жатса да, жеме жемге келгенде қазақша сөйлеуді алып қалаларда ар санайтындар да кездеседі. Әсіресе, болашақтың кілтін табыстап отырған жастардың біраз бөлігі қазақ-орыс тілдерін талқандай араластырып, таза қалпының шұбарлануына жол беріп отыр. Алайда, ол үрдіс бірден байқала қоймасы анық.
Ұлттық болмыс пен рухани байлығымызды қаз-қалпында сақтап, «Жаңа Қазақстанды» құру мұратымызға қарай қарымды қадамдар жасау үшін әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамудан бөлек, дін, діл, әсіресе тілдің құнын түсіріп алмауымыз қажет. Әр елдің тарихы тамырлас болған «Тіл» мәртебесінің биік болуы өте өзекті мәселе. Жоғарыда айтып кеткендей әр елдің түбегейлі жойылып, мәңгүрттенуі үшін ең алдымен ана тіліне тұсау салу жеткілікті. Өйткені, әр ұлттың тілінде олардың өткені, болмысы, рухани һәм дүниауи тірлігі жатыр. Қай мемлекетті алсаңыз да тілдік ерекшеліктеріне байланысты тұрмыстық өзгешеліктері, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптық айырмашылықтары бар. Демек «тіл» — бұл тек ауызекі сөйлеу қатынасына ғана керекті құрал емес. Ол – ұлттың өзі.
Сонау Керей мен Жәнібек бастаған ұлы көш бүгінде әлем картасында «Қазақстан» атты тәуелсіз ел болып қалыптасты. Ғасырлар тоғысында мың өліп, мың тірілген жұртымыз өзінің тіліне деген құрметін жоғалтқан емес. Бұл мақтана, шаттана айтатын жағдай. Алайда, жаңа заманның ағымы мен сұранысына байланысты тілдің шалалану процессін де байқап отырмыз. Әсіресе, орыс тілінің дәурені жүріп тұрған алып қалалар мен Ресей елімен иық тіресе орналасқан облыстарда қазақ тілінің мәртебесі тұрақты болмай тұр.
Қазақ тілі – сөздік қоры мен мағыналық жағынан өте бай, құрылымы күрделі тілдердің қатарында. Тарих бетіне оқтын-оқтын ой жүгіртсек ықылым замандардан бері әлем аралаған талай ғұламалар қазақ тілінің тазалығы мен ырғақтығына таңғалысын жасыра алмаған. «Тілім менің тірлігімнің айғағы» демекші, еліміз ертеден тіл қадірін өз қадірінен биік қоя білген. Қара қылды қақ жарып, төрелігін таразыдай тең берген төбе билер, замана шындығын шыңғырта жеткізген шешендер, дақпырты мың қолды бастауға жеткен қаһарман батырлар, елдің көшін сүйреген хандар да қарақұрым халықты бір ауыз сөзбен ұйытып, жұмылған жұдырықтай қалпында ұстап отырған. Бұнда ұлттың тілге деген құрметі мен тілдік құдіреттің асқақтығы басымдыққа ие болды десек те қателеспеспіз.
Мемлекет тарапынан тіл саясатын жүзеге асыру жұмыстары да оңтайлы қолға алынуда. Әр саланы қазақшаландыру, тіпті өзге ұлт өкілдерінің ерікті түрде қазақ тілінде сөйлеуі және үйренуі артқанын аңғарамыз. Бұл қажеттіліктен туындаған дүние. Елімізде «Үш тілділік» үрдісі қолданыс тапқанымен, орыс және ағылшын тілдерінің алдында ана тіліміздің шоқтығы биік екендігі рас. Қосалқы қолданыс тілдері әлемдік кеңістікпен тең қарым-қатынас жасау және білім-ғылым көгінде кеңінен самғау үшін қажет екендігін көбісі түсіне білген. Сондықтан да, құндылықтар тізімінде алдыңғы қатарда тұрған тіл мәселесінде кемшілікке жол берсек ертеңіміздің де баянды болмасы хақ.
Мемлекет басшысы бір сөзінде: «Қазақ тілінің мәртебесі мемлекеттік тіл ретінде күшейіп келеді. Ол ұлтаралық қатынас тілі болатын кезең келіп жетті. Алайда ол үшін бәріміз бірігіп жұмыс істеуіміз керек»,- деп баса айтқан еді. Расымен де, ана тіліміздің ұлтаралық қатынас тілі болатын мезеті тәуелсіздіктің 30 жылдығынан асқан жаңа дәуірімен қатар келгендей. Өзге этнос өкілдері қазақ тілін үйренумен қатар қазақша ойлауға да дағдылануда. Бұл үрдіс оңымен жалғасын таба берсе алдағы он жылдықта кекейімізде іркілген бұл мәселенің де бір шешімі табылады деген сенімдеміз. Бүгінде мемлекеттік саясаттың бағыттары тілдік тақырыптарды айналып өтпеуде. Бұқара мен биліктің ойы ортақ арнада тоғысса ертеңіміз де жарқын бола түспек.
Қай елдің болмасын өз тілі қай кезде болмаса да қадірлі, қастерлі болмақ. Сондықтан да «Ұлттың сақталуы мен жоғалуына да себеп болатын халықтың өзі. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп тіл жанашыры Ахмет Байтұрсынов айтқандай, тіл – әр халықтың жүрегі саналады. Тіл – тәуелсіздігіміздің қуатты құралы.
Әр елдің бұрынғысы мен бүгіні, болашағы да оның тілімен тікелей сабақтасып жатыр. Сондықтан «тіл – тарихтың күретамыры» деп айтуға толықтай негіз бар. Себебі сары құрлықты билеп-төстеген сонау сақ дәуірінен бастау алып, ғұндар ғұрпынан қанат қағып, Керей мен Жәнібек жеке-дара байрақ көтерген мезеттен жалғасып келе жатқан қазақ тілі біздің бар болысымызды, мәдениетімізді, өмір салтымызды айшықтап отыр.
«Тілім менің тірлігімнің айғағы, тілім барда айтылар сөз ойдағы» дегендей, ана тіліміздің даңқ-дақпыртын көтеріп, қолдану аясын кеңейту, әсіресе, өскелең ұрпақтың бойына тілдік құндылықтарды сіңіру ісі мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып отыр. Тілі жоғалған халықтың өзі де жоғалатынын ескерсек, болашақ иегерлерін қазақы ментолитетте, қазақша тәрбиелеудің маңыздылығы зор. Ол үшін ел аумағында тілді дамыту мен қолданудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы да бекітіліп, жүйелі жұмыс атқарылуда.
Қаншалықты кемшілік пен кедергілер жолықса да қазақ халқының ұлттық болмысы, рухани жадысы аманда – ана тіліміз де ғасырлардан ғасырларға аяқ басып, Мәңгілік тұғырына көтеріле берері ақиқат. Осы жолда сіз бен біз болып әрекет жасауымыз қажет. Тіл тұғырын бірге көтере берейік.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ.