Ұлттық болмыс пен рухани байлығымызды қаз-қалпында сақтап, «Мәңгілік ел» болу мұратымызға қарай қарымды қадамдар басу үшін әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамудан бөлек, дін, діл, әсіресе тіл мәселесінің құнын түсіріп алмауымыз қажет. Әр елдің тарихы тамырлас болып, өткені мен бүгіні, болашағы сабақтасып жатқан «Тілдің» тұғырлығы, мәртебесі өте өзекті екендігі де рас.
Тарих бедеріне бір зер салыңызшы. Кез келген халықты түбегейлі жойып, мәңгүрттендіру саясатын жүргізу үшін ең алдымен ана тіліне тұсау салу ғана жеткілікті. Себебі әр елдің тілінде ұлттық тарихы, болмысы, рухани һәм дүниауи тірлігі жатыр. Қай мемлекетті алсаңыз да тілдік ерекшеліктеріне байланысты тұрмыстық өзгешеліктері, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптық айырмашылықтары бар. Демек «тіл» — бұл тек ауызекі сөйлеу қатынасына ғана керекті құрал емес. Ол – ұлттың өзі.
Сонау Керей мен Жәнібек бастаған ұлы көш бүгінде әлем картасында «Қазақстан» атты тәуелсіз ел болып қалыптасты. Ғасырлар тоғысында мың өліп, мың тірілген жұртымыз өзінің тіліне деген құрметін жоғалтқан емес. Бұл мақтана, шаттана айтатын жағдай. Алайда жаңа заманның ағымы мен сұранысына байланысты тілдің шалалану процессін де байқап отырмыз. Әсіресе, орыс тілінің дәурені жүріп тұрған алып қалалар мен Ресей елімен иық тіресе орналасқан облыстарда қазақ тілінің мәртебесі тұрақты болмай тұр. Аталған үрдіс өз кезегінде ұлттық болмысқа, менталитетке де зиянын келтіріп отырғаны рас.
Қазақ тілі – сөздік қоры мен мағыналық жағынан өте бай, күрделі тілдердің бірі. Ежелгі заманнан бері ана тіліміздің ой қырларын аралап, таңғалысын жасыра алмаған өзге елдердің ғұламалары да жетерлік.
«Тілім менің тірлігімнің айғағы» демекші, еліміз ықылым заманнан тіл қадірін өз қадірін биік қоя білген. Қара қылды қақ жарып, төрелігін таразыдай тең берген төбе билер, замана шындығын шыңғырта жеткізген шешендер, дақпырты мың қолды бастауға жеткен қаһарман батырлар, елдің көшін сүйреген хандар да қарақұрым халықты бір ауыз сөзбен ұйытып, жұмылған жұдырықтай қалпында ұстап отырған. Бұнда ұлттың тілге деген құрметі мен тілдік құдіреттің асқақтығы басымдыққа ие болды десек те қателеспеспіз.
Тәуелсіздік тұғырын тік көтергелі міне 30 жылдың шамасы болды. Егемендіктің арқасында жетпіс жылдық бодандықтан кейін қазақ тілінің мәртебесін өз орнына келтіру мәселесі жедел көтерілгені мәлім. Бір қуантарлығы солақай саясаттың дауылына қарамастан ана тілімізді ұмыт қалдырмаған халқымыз дербестік алғаннан кейін лезде етек-жеңін жиып, тілдік құндылықтарды насихаттауға кірісіп те кетті. Талай жылғы күштеп ұмыттыру салдарынан бұл бастама оңайға соқпаса да, «Ана тілім – арым бұл, ұятым боп тұр бетте» деп, ұран қылды. Сол мақсатына жету жолында аянып жатқан жоқ.
Бүгінгі күнге назар аударсаңыздар әр саланы қазақшаландыру, тіпті өзге ұлт өкілдерінің ерікті түрде қазақ тілінде сөйлеу, үйрену процессін аңғарамыз. Бұл қажеттіліктен туындаған дүние. Себебі жер иесі өзінің нақтылы мақсат-міндеттерін айқындап, тілдің мәртебесін жоғарылату үшін барларын салуда.
Елімізде «Үш тілділік» үрдісі қолданыс тапқанымен, орыс және ағылшын тілдерінің алдында ана тіліміздің шоқтығы биік екендігі рас. Қосалқы қолданыс тілдері әлемдік кеңістікпен тең қарым-қатынас жасау және білім-ғылым көгінде кеңінен самғау үшін қажет екендігін көбісі түсіне білген.
Мұқағалиша тәпсірлеп, ана тілімізді «Үш бақытымыздың» бірі деп білсек құба құп. Құндылықтар тізімінде алдыңғы қатарда тұрған тәл мәселесінде кемшілікке жол берсек ертеңіміздің де баянды болмасы хақ.
Елбасы Н.Назарбаев бір сөзінде: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тілі болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолдануы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет»,- деген болатын.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та: «Қазақ тілінің мәртебесі мемлекеттік тіл ретінде күшейіп келеді. Ол ұлтаралық қатынас тілі болатын кезең келіп жетті. Алайда ол үшін бәріміз бірігіп жұмыс істеуіміз керек»,- деп, бас айтқан еді.
Расымен де ана тіліміздің ұлтаралық қатынас тілі болатын мезеті тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар келгендей. Өзге этнос өкілдері қазақ тілін үйрену мен қатар қазақша ойлауға да дағдылануда. Бұл үрдіс оңымен жалғасын таба берсе алдағы 10-20 жылдықта көкейімізде іркілген бұл мәселенің де бір шешімі табылады деген сенімдемін. Бүгінде мемлекеттік саясаттың бағыттары тілдік тақырыптары айналып өтпеуде. Бұқара мен биліктің ойы ортақ арнада тоғысса ертеңіміз де жарқын бола түспек.
Жаңа заман мен тың технологиялар, жаңаша мүмкіндіктер көбіне өмірімізді оңтайландыруға өзіндік көмегін тигізіп жататыны анық. Алайда жаһандану дәуірінде ана тіліміздің тазалығы мен сауаттылығына немқұрайлы қарайтындардың да қарасы көп. Бұл мәселенің бір ұшы әсіресе көшедегі кәсіпкерлік нысандарында тайқташалар мен жарнамаларға тиіп тұр. Сөз бен ойдың дұрыс аударылмауы, орыс тіліндегі жарнамаға басымдық берілуі және қарапайым сөйлемдегі бірнеше қателіктер – тіл мәртебесіне нұқсан келтіруде. Бұл – ең алдымен кәспкерлік иелерінің ана тілімізге атүсті көзқарас танытуы мен рухани тұрғындан азғындауларының белгісі. Күнігі жүздеген адам оқитын сауатсыз жарнама, сұрықсыз жазбалар өзі де қазақ көгіне әрең адымдап келе жатқан тіліміздің бақайынан қағумен тең. Онымен қоймай, әлеуметтік желілер мен ғаламтор беттеріндегі түрлі жазбалардағы қате мен кемшіліктерді көріп, көзіңнен емес жүрегіңнен қан ағардай кейіпке енесің. «Соншалықты сауатсыздық пен білімсіздің билеген бе?» деп те қаласың кейде. Бұған тосқауыл қоймаса жағдайдың да тез арада оңалмасы рас.
Қаншалықты кемшілік пен кедергілер жолықса да қазақ халқының ұлттық болмысы, рухани жадысы аманда – ана тіліміз де ғасырлардан ғасырларға аяқ басып, Мәңгілік тұғырына көтеріле берері ақиқат.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ.