Қазақ тілінің мәртебесі күннен күнге бекіп, мемлекеттік тіл ретінде де, қоғамдық тіл ретінде де күшейіп келеді. Әмсе солай болғай. Бұл сөзімізге дәлел ретінде мемлекет басшының сөзін қоса кету керек те шығар. Қасым-Жомарт Тоқаев балабақшада, мектепте мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді жіті назарда ұстау керек екенін баса айтты.
«Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады», – деді президент.
«Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз», – деген мемлекет басшысының сөзі жерде қалмай, әр жерде тілдің мәртебесі өз биігіне шығады деген үмітіміз бар. Неше жыл езгіде болған елдің тілі жоғалып кетпей, бүгінге жеткеннің өзі айтарлықтай жеңіс. Әлбетте, тілдің шұбарлануға ұрынуы, бұрмалануы бар екені рас. Дегенмен уақыт өте бәрі қаз қалпына келетініне сенім бар. Себебі қазір тіл тазалығына бас ауыртып, жаны ашитын адамдар жоқ емес. Қазақы иісі бұрқырап тұратын, тұла бойына қасиетін сіңірген Рабиға Сыздықова, Қайнар Олжай, Назгүл Қожабек секілді тіл мамандарының кітаптары, әлеуметтік желідегі белсенділігі осы тіл мәселесінде қордаланған мәселені шешу жолындағы үлкен еңбек деуге әбден болады. Тек тыңдайтын құлақ табылса болғаны.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді»,- деп нық басып айтуы біздің көңілімізді серпілтіп тастағаны рас. Қазіргі жазылып жатқан немесе қолданыста жүрген жаңа заман оқулықтары мен оқу құралдарының мақсаты – тіл үйренушінің тілдік-қатысымдық құзыреттілігін қалыптастыра отырып, көптілді, көпмәдениетті жеке тұлға қалыптастыру. Сондықтан танымдық-лингвомәдениеттанулық оқыту технологиясының құрамына деңгей бойынша айқын, нақты оқыту аясы, сол аяның мазмұнын ашатын тақырып пен тақырыпшалар, жағдаяттар мен тапсырмалар, жаттығулар, кейс-жағдаяттар топтасады. Қазіргі зерттеу парадигмаларының өзгерісі бойынша айтсақ, қатысымдық парадигма тілді сөйлеу әрекеті үстіндегі баланың өз қабілетін көрсету ерекшелігі бойынша танып-білу қажет дейді, басқаша айтқанда, тіл сөйлеу үстінде ашыла түседі дейді. Ал танымдық парадигмада тіл қабылдаумен, түсінумен, таныммен байланысты өзін көрсетуге мүмкіндік алады деп түсіндіреді.
Үш тілде білім беру жобасы негізінен, қазақ тілінің аясында жүзеге асатыны белгілі. Үш тіл білу «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деп қазақ мақалы айтқандай, қоғамның интеллектуальдық мүмкіндігінің көтерілуіне, маманның бәсекеге қабілетті, икемделгіш болуына ықпал етеді. Білім беру үрдісінде үш тілді меңгерудің қажеттігі мен үштұғырлы тіл саясатының күн тәртібіне шығу себебі әлемдік ақпараттық кеңістіктің дамуы үшін, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін, білім алу кеңістігінің біркелкі болуын қамтамасыз ету үшін қажет болуымен түсіндіріледі.
Тілге жан бітіретін де, тілге қуат беретін де, тілдің мәңгілік жасауына себепші де біз, ағайын! Тіл арқылы еңсеміз көтеріліп, тұғырымыз биіктей бермек.
С.Сейфуллин «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» атты еңбегінде де тіл мәселесін кеңінен қозғаған. 1923 жылғы 9 маусымдағы мақаласында: «Істі қазақшаға аударуды ауылдан, болыстан, ауданнан бастау керек. Волостной исполкомдарда істі қазақ тілінде жүргізу үшін уездерде соларға кісілер даярлап жіберетін курстар ашылу керек. Ауылдан, болыстан, ауданнан қаладағы мекемелерге қағаз жазғанда ылғи қазақ тілінде жазып отыру керек»,- деген екен.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері төл тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңейді. Қазіргі таңда өнер, әдебиет, мәдениет, баспасөз, радио, теледидарымыз 90-жылдарға қарағанда әлдеқайда «қазақша сайрап тұр» десек болады. Бұл біздің мемлекеттік тіліміздің мәртебесінің асқақтағаны, Бұл осы уақытқа дейін барлық мүмкін болар оңды-солды жағдайды жете бағамдай отырып жүргізілген мемлекеттік тіл саясатының нәтижесі.
«Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады»,- деп Ғ.Мүсірепов айтқандай, елдің болашағын, тілдің болашағын сақтау баршаның міндеті. Қазіргі жаһандану кезеңінде еліміздің ақпараттық кеңістігін әлемдік стандарттарға сай кеңейте отырып, мемлекеттік тілді ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бір нысаны ретінде жетілдіруді және қорғауды қамтамасыз еткеніміз абзал.
Қазақстандағы тіл саясатының көпұлтты мемлекетіміздің тұрақты дамуына ізгілікті қызмет етіп отырғандығы қуантады. Сонымен бірге әр ұлт өкілдерінің қазақ тілін білуге талпынғаны да көңілге мерей.
Ұлттың тілі ұмытылмасын десек, оның қолданыс аясын кеңейтіп, ғасырдан ғасырға мұра қылып қалдырып, оның бойындағы бар байлығын, қасиетін сіңіріп, жаттанды сөзге емес, қадірі кетпейтін өнеге айналдырғанымыз жөн.
Салтанат ҚҰНАНБАЕВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектебінің директоры.