Тіл – адамдардың ұлы жетістігі, өзара қатынасының құралы. Ол – қоғамдық құбылыс. Тіл халықпен бірге жасасып, бірге дамиды, ұлт пен ұлтты жақындастырып, түсіністіретін аса маңызды қару. Ол біздің мәдениет деп айтатын дүниенің мәңгілік ажырамас бөлшегі. Тіл – уақыттан да биік тұр. Сондықтан ол өмір сүрмей тұра алмайды, әр кез адамды ғана емес, бүкіл қоғамды алға жылжыта алады.
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қызмет етуі – өте жауапты мәселе. Мен, ұстаз ретінде қай кезде болмасын тіл мәселесі сол тілде сөйлейтін халықтың мәселесі болуы керек деп ойлаймын. Ұлтымыздың біртуар перзенті М.Жұмабаев: «Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы керек»,- деп жазды. Ал бұл отбасы мен қазақ мектебінен басталады. Меніңше, қазақ мектебі – ұлт ұрпағының бесігі мен алтын ұясы. Халқымыздың ұландары, елі мен жерінің шынайы патриоттары да қазақ мектебінде сусындайтыны белгілі.
Сонымен қатар отбасындағы ата, әже, әке мен ана мектептері де ата-баба дәстүрін, қасиетті халқымыздың рухани әлемін ана тілі арқылы тәрбие көзіне айналдырса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені адамзат баласы сөздің қуатына тең келетін нәрсені әлі ойлап тапқан жоқ. Адамзат ашпаған құбылыстардың құпиясы тарихта тіл арқылы сөзбен жасырылған. Бұл құпияны ана тілін жүрегімен сезіп, таза білетіндер ғана түсіне алады.
Тіл – адамзаттың баға жетпес байлығы. Осы орайда Мұқағали ақын айтқандай, әрбір адамзаттың үш бірдей асылы, үш бірдей бақыты, үш бірдей мұраты бар: ол – халқы, тілі, Отаны. Сондықтан біздің ұрпағымыз бүкіл өмірінде осы ұлы үш қасиетті ту етіп жүруі тиіс.
Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде әнім менен сәнім бар.
Туған тілім тіл болудан қалса егер,
Жүрегімді суырып-ақ алыңдар! – деп ақын жырлағандай, әр адамның азаматтық қасиеті мен мәдениеті өз халқын, өз атамекенін қалай сүюмен, өз ана тілін қалай білумен өлшенеді. Жүгі нарда, қазаны теңде болып, көшіп-қонып өмір сүрген ата-бабаларымыз үш нәрсені бой тұмардай сақтап, қадірлеген. Олар – ел мен жер және ана тілі. Қандай халық болмасын осы үшеуінсіз тәуелсіз ел екенін дәлелдей алмайды. Ананың ақ сүтіне, уызына жарыған адам қашан да Отаншыл, ұлтжанды болмақ. Қай халықтың болса да, қоғамдық өну-өркендеу жолында көтеріле алған биігі мәңгілік болып, ана тілінде сақталып отырады, талай қилы-қилы кезеңдері ана тілінде із қалдырмай өте алмайды.
«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады»,- деп, Ғ.Мүсірепов әр азаматты ана тіліне деген патриоттық сезімге шақырады.Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, Отанмызды танып білеміз. Өйткені тіл халық пен бірге өмір сүріп дамиды, әр ұлттың тілі – оның бақыты, тірегі.
Бүкіл түркі елдеріне ардақты ағартушы, ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген сөзінде үлкен мән жатыр. Осы орайда тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев «Қазақстан 2050» стратегиясында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез-келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Осылай Тәуеліздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі»,- деп аса үлкен сеніммен айтқан еді.
Ендеше, тілді адамзаттың ұлы жасампаздығының бір көрінісі ретінде, мемлекетіміздің басты нышандарының бірі ретінде бағалауымызға болады. Қай ұлтты, халықты алсақ та, бәрінің де өзінің тілі бар.
Орыстың ұлы жазушысы В.Караленко: «Менің тілім өз балаларыма түсініксіз боп қалады-ау дегенді ойласам, жаным түршігеді»,- депті.
Тіл тағдырын ойласам, менің де жаным күйзеледі. Қырық бес жыл ана тілінің ауыр жүгін арқалап, талай қиндықтар мен тосқауылдардың куәсі болдым. Бірақ тәуелсіздіктің таңы атып, ақ түйенің қарны жарылды. Тіл мәртебесін алды, арнайы заңы қабылданды. Қазақ халқының сапасы тек қана қазақ тілінің өркендеуімен ғана өседі. Өйткені қазақ тілі – дамыған, жетілген, бай, икемді тілдің бірі. Бұл пікіріміздің растығын кезінде кемеңгер Абай дәлелдеген болатын. Ол Пушкин, Лермонтов, Крыловтардың шығармаларын алып бір дәлелдесе, солардай етіп сөздің майын тамыза жазуы арқылы екінші рет дәлелдеді.
Осы орайда мен аудан жұртшылығын мемлекеттік тіл мерекесімен құттықтаймын! Мемлекеттік тілімізді аман сақтап, ілгері дамыту үшін баршаңызға ұлттық сана, азаматтық биік тұғыр тілеймін. Ұландарымызды ана тілінің жылуымен, ана жүрегінің мейірімі мен тәрбиелейік! Тіл таза болса – арымыз таза, тіл асқақ болса – ұлтымыздың мәңгілік болары даусыз!
Ұ.ДҮЙСЕБАЕВА,
аудандық аналар кеңесінің төрағасы.