2017 жылдың басты резонансына айналған тақырыптың бірі қазақ тілінің латын әліпбиіне көшірілуі туралы Жарлықтың күшіне енуі екендігі айқын. Бұл ширек ғасырлық тәуелсіз тарихымызда жасалған айтулы қадамдарымыздың да ілікімдісі десек қате айтпаспыз.
Жуырда «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен «Әліпби – ұлттық сананың құралы» тақырыбында пікір-сайыс додасы ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тағылымды туындысын насихаттау, жастардың мемлекеттік тілге деген құрметін арттыру және латын әліпбиіне көшудің тиімді әрі ұтымды тұстарын түсіндіру болып табылды.
Байқау барысында пайымды пікірін ортаға салған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Көкебаев пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Сүлейменов латын графикасына ауысу заман талабы, дәуір сұранысыны екендігіне тоқталса, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Г.Жексембева аталмыш қадам Қазақстанның дамыған отыз елдің қатарына қосылуының бірден-бір кепілі екендігін түсіндірді.
Үшарал №2 орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ә.Ибраимова мен Қант зауыты орта мектебінің психологы А.Қыдырбаева жаңа қәріп жаңғыруымызға негіз болатынын жеткізсе, Үшарал №1 орта мектебінің 10 сынып оқушысы М.Әділбек жастар бұл өзгерісті толықтай қолдайтындарын айтып өтті.
АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.