
Облыстың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен аудандық әкімдіктердің баспасөз хатшыларына арналған оқыту семинары ұйымдастырылды. Үш бағыт бойынша өткен тағылымды жиынның алғашқы бөлімі Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өтті.
«Журналистика сауаты» тақырыбындағы дәрісті Ұлттық аударма бюросының аудармашысы, филолог Назгүл Қожабек онлайн форматта жүргізді. Маман қазіргі ақпарат кеңістігінде жиі кездесетін тілдік кемшіліктерге тоқталып, журналистің кәсіби жауапкершілігіне қатысты маңызды мәселелерді көтерді. Спикердің айтуынша, бүгінгі медиакеңістікте грамматикалық және стилистикалық олқылықтар азаймай тұр. Кей жағдайда деректерді нақтылау мен тексеруге үстірт қарау, оқырман назарын аударуға ұмтылып, әсірелеуге жол беру секілді үрдістер де байқалады. Ал ақпараттың шынайылығы мен сөздің дәлдігі – журналист мамандығының басты ұстанымы.
Семинар барысында филолог қазақ тілінде жиі ұшырасатын калька тіркестерге арнайы тоқталды. Оның сөзінше, көпшілік қолданысындағы «Мектепке жол» атауы тіл табиғатына толық сәйкес келмейді, оның орнына «Мектепке барар жол» деген нұсқа мағынаға әлдеқайда жақын. Сол секілді «душ қабылдау» тіркесінің орнына «суға түсу», «шара қабылдау» орнына «амал жасау» немесе «шара қолдану» деп айту орынды.
Назгүл Қожабек тілдегі ең жиі кездесетін ағаттықтардың бірі ретінде «болып табылады» тіркесін атады. Бұл орыс тіліндегі «является» сөзінің тікелей аудармасы екенін айтып, мұндай құрылымнан барынша арылу қажеттігін жеткізді.
Дәріс барысында «шара» мен «іс-шараның» мағыналық тұрғыдан екі бөлек ұғым екені де түсіндірілді. Сонымен қатар «медициналық мамандық», «филологиялық мамандық», «дикторлық мектеп» тәрізді тіркестердің орнына «медицина мамандығы», «филология мамандығы», «дикторлар мектебі» деген нұсқаларды қолдану жөнінде кеңес берілді.
Филолог ұлттық ұғымдарға қатысты да мысалдар келтірді. Қазақ тілінде «Халық жазушысы» деген атау орныққанымен «Ұлттық оркестр» тіркесінің орнына «Халық оркестрі» деген нұсқа тіл заңдылығына жақынырақ екенін айтты.
Күнделікті қолданыста жиі айтылатын «жаңалықпен бөлісті» тіркесінің де орынсыз жұмсалатынын атап өткен маман ойды нақты жеткізудің маңызын сөз етті. Сондай-ақ, «келе жатыр», «бара жатыр» секілді тіркестердің орынсыз қолданылуы көбейгенін айтып, «жатыр» сөзінің әрекеттің дәл қазіргі мезетте орындалып жатқанын білдіретін жағдайда ғана қолданылуы қажет екенін түсіндірді.
Тұрмыстық деңгейдегі тілдік қателіктер де назардан тыс қалмады. Мәселен, «тәттімен шай іштім» деудің орнына «тәтті қосып шай іштім» деген дұрыс. Ал «құжатпен келіңіз» тіркесінен гөрі «жеке куәлігіңіз жаныңызда болсын» немесе «жеке куәлігіңізді ала келіңіз» деген нұсқа қазақы сөйлеу мәдениетіне жақын.
Тіл маманы адамның сыртқы белгілерін сипаттауда да тілдік сауаттылық сақталуы тиіс екенін айтты. «Көзәйнектегі қыз», «орамалдағы апа» деген қолданыстардың орнына «көзәйнек киген қыз», «орамал таққан апа» деп айту әлдеқайда дұрыс.
Семинар барысында «мамандандырылған» сөзінің орнына «арнаулы» атауын қолдану қажеттігі де сөз болды. Мысалы «арнаулы музыка мектебі» деген тіркес қазақ тілінің табиғатына үйлеседі. Сонымен бірге орыс тілінің ықпалымен қалыптасқан «жымиыспен қарады» тіркесінің орнына «жымиып қарады» деп жазу керектігі түсіндірілді.
Кездесу соңында спикер ақпараттық порталдар мен жаңалық сайттарында жарияланған тақырыптағы тілдік кемшіліктерді мысалға келтіріп, журналистерге мәтін мәдениетін сақтау, сөзді орнымен қолдану және мемлекеттік тілдің тазалығына ұқыптылықпен қарау, әр сөзге зергерлік жасау жөнінде ой-пікірін жеткізді.
Түскі үзілістен кейін облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен аудан әкімдіктерінің баспасөз хатшыларына арналған оқыту семинары өз жалғасын тапты. Бұл жолғы кездесу зерттеу журналистикасының өзекті мәселелеріне арналды.
Кезекті дәрісті «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі, SDU университетінің қауымдастырылған профессоры Есенгүл Кәпқызы жүргізді. Ол қатысушыларға «Зерттеу және талдау журналистикасының әдіс-тәсілдері. Ашық дереккөздермен жұмыс істеу» деген тақырыпта кеңінен мағлұмат беріп, қазіргі медиакеңістікте ақпаратты іздеу мен тексерудің заманауи жолдарын түсіндірді. Спикердің айтуынша, бүгінгі журналист тек оқиға орнына барып ақпарат жинаумен шектелмеуі тиіс. Интернет ресурстары, әлеуметтік желілер, мемлекеттік реестрлер, ресми құжаттар, статистикалық мәліметтер мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған деректердің барлығы зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді.
Осы ретте маман ашық дереккөздерге негізделген OSINT (Open-Source Intelligence) әдісіне тоқталды. Бұл тәсіл қолжетімді мәліметтерді жинап, салыстырып, талдау арқылы нақты қорытынды жасауға көмектеседі.
– Қазіргі ақпарат заманында журналистің басты міндеттерінің бірі – деректі тек тауып қана қоймай, оның шынайылығын анықтау. Ашық дереккөздер осы міндетті орындауға үлкен мүмкіндік береді. Фактчекинг пен зерттеу журналистикасында бұл құралдардың орны ерекше, – деді Есенгүл Кәпқызы.
Семинар барысында спикер ашық дерекпен жұмыс істеудің негізгі қағидаттарына да арнайы тоқталды. Оның сөзінше, бұл бағыттағы жұмыстың іргетасы төрт ұстанымға негізделеді: заңдылық, дәлдік, этика және қауіпсіздік.
– Ақпаратты тек заңды жолмен жинау қажет. Әсіресе, жеке деректермен жұмыс істегенде қолданыстағы заң талаптарын сақтау маңызды. Заң шеңберінен шығу журналистің өзіне де, редакцияға да қиындық туғызуы мүмкін, – деді ол.
Баяндамашы жиналған мәліметтің дұрыстығын тексеру мәселесіне де айрықша назар аударды.
– Бір ғана дереккөзге сүйенуге болмайды. Ақпарат бірнеше тәуелсіз арна арқылы нақтыланғанда ғана сенімді болады. Жалған мәліметтің таралуы көп жағдайда деректі жеткілікті деңгейде тексермеуден туындайды, – деді спикер.
Кездесу барысында журналистік әдеп мәселесі де сөз болды. Маманның пікірінше, кез келген зерттеудің түпкі мақсаты қоғамға пайда әкелу болуы тиіс.
– Ақпарат қоғамдық мүддеге қызмет етуі керек. Журналист жинаған деректі жеке мақсатқа пайдаланбауы қажет. Бұл – кәсіби этиканың негізгі талабы, – деді ол.
Дәріс барысында цифрлық қауіпсіздік тақырыбы да кеңінен қозғалды. Қазіргі таңда ақпарат көздерін қорғау мен интернеттегі қауіпсіздікті сақтау өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.
– Журналист өзінен бөлек ақпарат берген адамның да қауіпсіздігін ойлауы тиіс. Сондықтан қажет жағдайда VPN қызметтерін пайдалану, деректерді шифрлау секілді қорғаныс құралдарын қолданған жөн, – деді маман.
Семинарда ақпарат жинау барысында рұқсат етілетін және заңмен шектелетін әрекеттер де түсіндірілді. Ашық платформалардағы мәліметтерді пайдалану, мемлекеттік базалар мен реестрлерге жүгіну, ресми есептерді зерделеу заң аясындағы жұмыс саналады. Ал жеке хаттарды заңсыз оқу, азаматтардың дербес деректерін рұқсатсыз жинау, мемлекеттік құпияны жариялау немесе бақылау мақсатында заң бұзу әрекеттері жауапкершілікке әкеледі.
Авторлық құқық мәселесі де назардан тыс қалмады. Спикер интернет кеңістігіндегі суреттерді дереккөзін көрсетпей пайдаланудың заң бұзушылыққа соқтыруы мүмкін екенін ескертті.
– Көп жағдайда сайттарда жарияланған фотосуреттердің авторы көрсетілмейді. Сондықтан оның түпнұсқа қайдан алынғанын анықтау қажет. Ол үшін Google Кері іздеу (Reverse Image Search) қызметі жақсы көмек көрсете алады, – деді ол.
Тәжірибелік мысалдармен толықтырылған дәріс қатысушылардың қызығушылығын оятып, еркін пікір алмасуға ұласты. Ашық дереккөздерді тиімді пайдалану, ақпараттың шынайылығын анықтау және зерттеу журналистикасының заманауи әдістері жөніндегі маңызды мәліметтер семинарға қатысушылар үшін пайдалы болды.
Үш бағыттан тұратын оқыту бағдарламасының соңғы бөлімі «Jetisu Jastary» КММ-де «ЖИ дәуіріндегі фактчекинг» тақырыбымен түйінделді. Бұл бағыт бойынша Factcheck.kz медиатренері Жансерік Тілеухан дәріс оқып, жасанды интеллект технологияларының журналистикадағы мүмкіндіктері жөнінде кеңінен әңгімеледі.
Семинар барысында спикер медиамамандардың жұмысын жеңілдетуге арналған заманауи платформалар мен қосымшаларды таныстырып, жасанды интеллект көмегімен дайындалған мәтіндер, фотосуреттер мен бейнематериалдарды анықтау жолдарына тоқталды. Сондай-ақ, кеңейтілген іздеу жүйелерінің ақпарат жинау мен дерек тексерудегі артықшылықтарын айтты.
Қазіргі таңда жасанды интеллект адам өмірінің көптеген саласына дендеп енді. Соған сәйкес жалған ақпараттың да таралу тәсілдері күрделене түсті. Бұрын көзге бірден байқалатын фейк материалдар бүгінде шынайы дүниеден ажырату қиын деңгейге жеткен. Сондықтан ақпараттың шығу төркінін анықтау, дереккөздерді салыстыру және әр мәліметті бірнеше арна арқылы тексеру журналист жұмысының маңызды бөлігіне айналып отыр.
Дәріс барысында фактчекинг пен верификация ұғымдарының айырмашылығы да түсіндірілді. Яғни, верификация ақпарат жарияланбай тұрып жүргізілетін тексеру болса, фактчекинг жарияланған мәліметтің ақиқатқа сәйкестігін анықтауға бағытталады. Сонымен қатар, кәсіби журналист үшін факт пен пікірдің аражігін ажырата білу басты талаптардың бірі екені айтылды.
Осылайша үш бағыт бойынша өткен семинар журналистер мен баспасөз хатшыларына тіл мәдениеті, ашық дереккөздермен жұмыс істеу және цифрлық дәуірдегі ақпаратты тексеру тәсілдері жөнінде тың білім беріп, тәжірибелік машықтарын жетілдіруге мүмкіндік берді.
Семинар соңында «Zhetysu Media Week» апталығы аясындағы оқыту бағдарламасына қатысқанын растайтын арнайы сертификаттарды облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ермек Ақшабаев табыстады. Үш бағыт бойынша өткен тағылымды кездесуге белсенді қатысқан журналистер мен баспасөз хатшыларына ұйымдастырушылар алғыс айтып, алдағы шығармашылық ізденістеріне, кәсіби қызметтеріне табыс тіледі.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ
