Тілге құрмет – елге құрмет

Ардан жаратылған алтын құрсақты аналарымыздың ақ сүтімен бойымызға сіңіп, тәнімізге дарыған қазақ тіліміз небір алмағайып заматтардың зобалаңдарына шыдас беріп, тәуелсіздігімізді тұғырына көтерген мезеттен бастап «Мемлекеттік» деген атақты қанжығасына бекем байлаған болатын. Берен мылтықтан безере атылған  қорғасын оғына ілігіп, қынадай қырылып кеткен қазақ зиялыларының көздегендерінің бір сарқыншағы да осы еді.

Ұлт болып ұйысқалы бері қазақ тілі дәл осындай жетістікке  жетпегені мәлім. Бұл тәуелсіз еліміздің тәубешіл азаматтарының арқасында орындалған асқақ арман десек те болады.

Қазақстан халқы тілдер мерекесіне орай аудандық З.Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінде «Тіл – рухани қазына» атты жиын өтті. Оған тіл жанашырлары, белсенді жастар, ауданның айтары бар азаматтары, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері қатысты.

Шараның шымылдығы аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен қойылған «Қасиет пен құт дарыған – ана тіл» атты кітап көрмесімен ашылды.

Артынаш сахна төрінен сандуғаштай сазды дауысымен елді еліткен жүргізушілер шығып, мерекелік шараның салтанатты бөлігін бастады.

Алдымен ауданда тіл саясатын жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстар пысықталған бейнеролик көрсетілді.

Сөз алған аудан әкімінің орынбасары А.Абдинов: «Елбасы Н.Назарбаевтың көреген саясатының арқасында қазақ тілінің беделі тәуелсіздік жылдары едәуір көтеріліп, бүгінде бірталай биіктерді бағындырды. Осы беделінен түсірмей, одан ары өрістету біздің мойынға артылған жүк»,- дей келе, тілді насихаттау және қолдау іінде көзге түсіп жүрген бірнеше азаматқа марапаттар ұсынды.

Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ұ.Дүйсебаева, словян этно-мәдени орталығы директорының орынбасары, №1 Қабанбай орта мектебінің директоры Д.Савчук, татар этно-мәдени орталығының мүшесі Р.Аитова аудандағы бірегейлік, бірлік пен береке, тілге деген көзқарас жайында өз ойларын ортаға салды.

Шара соңында аудан өнерпаздары дайындаған концертті бағдарлама назарға ұсынылып, жиналғандар әуезді әндердің қанатында тербелді.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: