Тілім барда…

Айналаға назар салсаңыз бірінен бірі озуға талпынған жұрт, жаһандық бәсекелестікте тартысқан мемлекеттер. Бұлардың мақсаты ортақ. Ол алдыңғы қатарлы елдердің көш басынан көріну. Осы мақсатта әр ұлт өзінің ерекшеліктерін ұтымды пайдаланып, ұрысқа сақадай сай отыр. Ұрыс дейтініміз қару асынып, қақтығысқа түсу емес, ол білім мен ғылымның үстемдік құрған мылтықсыз майданы. Себебі дидары өзгерген дәуірдің талабы ауысты, сұранысы алмасты. Бұрынғыдай қылышпен қырып, шоқпармен шауып алатын уақыт ескі күндердің елесі боп қала берді. Қазір жаңа заман, жаңа көзқарас қалыптасқан мезет. Осыған сай біз де жаңғыру сүзгісінен өтіп, нарықтық экономиканың бәсі басым түскен ғасырмен санасқанымыз абзал.

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тағылымды туындысында қазақ графикасын латын әліпбиіне көшіру туралы ой тастап, дамыған отыз елдің қатарына қосылуға бір қадам жасады. Бұл мәселе жайында сыңаржақ пікір қалыптасып, халықтың ойы екіге айырылғанымен, көп уақыт өтпей-ақ қазақстандықтардың байламы ортақ арнаға тоғысты. Ол – латын қарпіне ауысу ұтымды бағыт екендігін түйсіну. Бұл қазақ тілінің бұрынғысы мен бүгінін сабақтастырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде таптырмас шешім болып отыр.

Рухани кемелденудің даңғылына түскен жұрт өзге елдердің өсіп-өркендеуінің тіреуіне айналған ілкімді дүниелерін іліп алып, өз болмысына қарай түрлендіріп отырғаны абзал. Себебі даму эволюцисы бір мемлекеттің төңірегінде тоқтап қалмайды, ол жасампаз істердің, озық ойлардың ордасын жағалайды. Ширек ғасыр бұрын еншілеген егемендігіміздің арқасында Қазақстан әлем аренасындағы 50 алпауыт мемлекеттің арасына ұмсына еніп, өзіне ғана тән қолтаңбасы мен атақ-абыройын қалыптастырды. Бұл биіктің белесін бағындыруға Ұлт көшбасшысының сарабдал саясаты, текті жұртымыздың береке-бірлікке құмарлығының қосқан үлесі зор. Олай деуіміздің себебі басшы мен бұқара арасындағы өзара келісім мен түсіністіктің арқасында мемлекетіміз тыныштық пен татулықтың, ынтымақ пен ырыстың үстемдік құрып отырған кезеңіне де қол жеткізді. Ал жетістіктер биігіне шығуда күллі қазақ ұлысын бір арнаға тоғыстыратын да мемлекеттік екендігі мәлім.

Әлем тілдері арасында естілуі мен дыбысталуы жағынан алдыңғы қатарлы Қазақ тілінің жалауы биікте желбіреуі үшін алдымен осы құндылықты ана тілім деп ұғатын азаматтар жіті меңгерген анық. Себебі өзіміз сыйлай алмаған дүниені, өзгеге сыйлату қиынның қиыны.

Сонымен мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруді, орыс тілінің тұғырын сақтауды және ағылшын тілін дамытуды көздейтін ағымдағы мақсаттар мен шаралар өз бағытын таба білсе және ретімен жүзеге асса ұпайымыз да ұтымды түгенделмек.

«Үш тұғырлы тіл» түсінігің  шын мәнінде мемлекеттік тілге мүлдем зияны жоқ. Бұл жерде мәселе сол стратегияны, сол саясатты дұрыс жүргізуде, жарқын болашақта нәтижесінің оң болуын қамтамасыз етуде болып отыр. «Үш тұғырлы тіл» тек мәдениетаралық қатынас негізінде қаралып, ақпарат алмасу, білім үйрену, тәжірибе жинау үшін үйретіледі. Бұл түсінікті дамыту үшін ана тіліміз мемлекет тарапынан ең бірінші орынға қойылып жатқаны да көзі ашық адамдарға шындық.

Тілім барда… Тілім барда айтылар сөз ойдағы деп бұрынғылар толғанғандай өз ана тіліміздің құнын түсірмей, қырын сындырмай таза табиғи қалпында сақтау жүрегі елім деп соққан әр қазақтың, әр қазақстандықтың борышы. Міндеті десек те болады. Абайдың өлеңі өріліп, Мұқағалидың мұңы төгілген, Жамбылдың жыры жалын атқан, Мағжан мен Ілиястың шумақтарына қанат бітірген қазақ тілінің тамыры тереңде және де бүгін-ертең тұғыры теңселе қоймас. Алайда «Жау жоқ деме, жар астында» демекші, қауіп әлі де бар. Қабанбайдың қасқа тұлпарын шаптырып, Наурызбайдың найза көтергендегі ұранын әйгілеген, Бұқар болып патшаға да датын жеткізген, үш би болып күллі қазақ ұлысына төрелік еткен ана тіліміздің абыройын асқақтатып, оның даңқы мен дақпыртын еселей түсу бүгінгі тәуелсіздіктің ұрпақтарының иығына артылған жүк.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ. 

Мәліметпен бөлісу: