Жастар мәселесі қашан да басты назарда. Елбасы да, ел Президенті де жастарға ерекше көңіл бөліп, түрлі бағдарламалар аясында көмек көрсетіп, көтермелеп жүреді. Осындай жақсы үрдіс біздің Алакөл ауданы, Тоқжайлау ауылында да бар.
Жуырда ауыл жастары жиылып, бұрынғы шаруашылық негізінде сақталып қалған «Тоқжайлау» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы Алексей Яковлевич Бабичев мырзаға базынамызды айттық. Екі мыңнан аса тұрғыны бар ауылдың жастары үшін бос уақытты тиімді өткізу мәселесін көтердік. Ауыл халқының үлесімен шаруашылығы өрлеп отырған «Тоқжайлау» АӨК атынан қайырымды қадамдар жасауын сұрадық. Нәтижесі де көп күттірмеді. Су жаңа бильярд, теннис үстелі және спорттық инвентарлар бүгінде ауыл халқының, әсіресе жастарының игілігіне жарап тұр.
Бұл түрлі турнирлер ұйымдастыруға, сол арқылы жастарды бос уақытында жаман әдеттерден аулақ болып, спортқа қызығуына жасалған игі қадам деп есептейміз. Ауыл жастарымен болған жиналыста Алексей Бабичев мырза тағы бір жоспарымен бөлісті. Айтуынша, күзгі жиын терін ойдағыдай аяқталған соң, кооператив ауылдан арнайы спорт кешенін салуға қаржы қарастырмақ. Бірде анда, бірде мында жаттығып жүрген жастар үшін бұл аса қуанышты жаңалық болды. Биыл ылғал мол, дихандар еңбегі ақталып, күзгі жиын терінде мол олжаға кенеліп, жоспарларымыз толығымен орындалсын деп тілеп жүрміз. Жастарға жанашыр боп жүрген ел ағаларына Алла бақытты ғұмыр берсін!
Жалпы, «Тоқжайлау» АӨК ауылдағы жүздеген азматты жұмыспен қамтып отырған үлкен шаруашылық. Мыңғырған малы, атырап-атырап астығы бар. Ауыл тұрғандарының үлесіне тиген жердің көбі ортақ шаруашылық құрамында. Яғни, осындай ортақ игілікті іске шаруашылықтың бастамашы болуы көңіл қуантады.
Аслан Бауберіков
Тоқжайлау политехникалық колледжінің оқытушысы