Бәсекеге бәс тігіп, үшінші мәрте жаңғырудың дара даңғылына түскен Қазақстанның келешегі жастардың қолында. Демек, болашақ иегерлеріне тәлімді тәрбие мен тиісті білім беру алғы шарттардың бірі ретінде қаралуы тиіс. Осыған орай облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Ізгілікті істер» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен еркелеген жеті өзені тоғысқан Жетісудың қара даласы саналатын Ұйғыр ауданы, Қырғызсай ауылдық округіне қарасты «EСO PARK TОUR» демалыс орнында «Туған жерге туыңды тік» тақырыбында жастар форумы өтті.
Алқалы топтың басын қосқан айтулы жиынға облыстың түкпір-түкпірінен 20 құрама сапарлай келіп, 200-ден астам белсенді жастар қатысты.
Біздің аудан да аталмыш шарадан шет қалмай, өңірімізден 10 делегат арнайы шақырылды. Олардың құрамында жастар ресурстық орталығында, білім, мәдениет салаларында қызмет етіп жүрген жас мамандар, үздік студенттеріміз де болды.
Кетпен тауын бөктерлей құлашын жайған демалыс орнының тұмса табиғатының көркемдігіне көзіміз сүрініп, айналамыздағы керемет көріністерге аңтарыла қарап, таңғалудан басқа амалымыз болмады.
Форумның алғашқы күні белгілі дәрісшілер А.Мергембаев, Т.Нүсіпханұлы, Н.Жанай, Л.Сергеевна тренинг өткізіп, көптің көмейінде жүрген мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітті. Сонда талқыланған басты тақырыптар Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы, аталмыш туындыда көтерілген «Туған жер», «Жүз жаңа есім», «Жүз жаңа кітап» және латын графикасына ауысу бағдарламалары болды. Сонымен қатар «Құндылық дінін құбыжық дініне» айналдырған жат ағымдар мен деструктивті идеология жайлы тұщымды ойлар өз өрнегін тапты. Ислам мен «изм»-дардың бір-бірінен алшақ дүние екендігі түсіндірілді. Себебі, «терроризм, экстремизм, радикализм, фундаминтализм, сепаратизм» сынды үрейлі «изм»-дардың барлығы мұсылмандар есімімен қоса айтылып, кіршіксіз діннің тазалығына дақ түсіруде.
Артынша «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар қанаты Алматы облыстық филиалының кезектен тыс VII конференциясы өтті.
Сөз алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғ.Сарыбаев ең алғаш адам ғарыш кеңістігіне көтерілген күнмен дәлме-дәл жарияланған Ұлт көшбасшысының мақаласы жайлы кең көлемде түсіндіру жұмысын жүргізді. « 1964 жылы 12 сәуірде Қазақстан даласынан ғарышқа зымыран көтеріліп, айбынымызды асырып, абыройымызды тасытса, Елбасымыздың биылғы 12 сәуірде газет беттеріне шыққан туындысы рухани жаңғыруға бет бұрған мемлекетімізді қайтадан аспан әлеміне асқақтатары сөзсіз»,- дей келе жиналғандарға рахметін білдірді.
Келесі болып мінберге көтерілген «Жас Отан» Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Б.Жақсыкелдінов жетісулық жастардың жетістіктіктері мен жеңістері жайлы сөз қозғап, аталмыш іс-шараның ұйымдастырылу мақсатымен таныстырып кетті.
Келесі күні «Туған жерге туыңды тік» тақырыбындағы форумның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ж.Омар арнайы келді. «Жастар – өзгерістерге тез бейімделетін, жаңа білімді жеңіл меңгеретін мемлекеттің ең белсенді және ұтқыр бөлігі. Бүгінде сіздер қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеялармен қаруланып, еліміздің өркендеуіне өзіндік үлестеріңізді қосып келесіздер. Рухани кемелденуге бел буған мемлекетіміздің болашағының баянды болуы тікелей сіздерге байланысты»,- дей келе, қатысушылардың өмірлік сапарларына сәттілік тіледі.
Көп кешікпей барлығымыз күткен сәт те таяп, Ж.Омар бастаған алқалы топ «Рухани жаңғыру» жалауын көтеріп Кетпеннің шыңына қарай беттеді. Екі жүзден астам белсенді жастар «Қазақстан жасасын!», «Елбасымыз жасасын!» деп ұрандата тәкаппар таудың биігін бағындыруға аттанды.
Уағдалы орынға келгеннен кейін облыс әкімінің орынбасары Ж.Омар, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғ.Сарыбаев, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы А.Нұрмұхамбетов, «Жас Отан» Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Б.Жақсыкелдінов, Ұйғыр ауданының әкімі Ш.Нурахунов «Рухани жаңғыру» байрағын тау шыңына орнатты. Жастар жағы да барынша белсенділік танытып, шапалақтарын аямай қолдау көрсетті.
Артынша тамаша табиғат аясында таза ауамен тыныстап, күн құбылаға ене бастағанда от жағылып, алау басында қызықты отырыс ұйымдастырылды. Жақсылық Омар мырзаға түрлі сұрақтар қойылып, ән шырқалып, күй тартылып, жастар ұмытылмас думанның куәгері болды.
Шараның соңы спорттық жарыстар мен өнер көрсету сайысына ұласты. Сөйтіп, Алакөл және Сарқан аудандарының белсенділерінен құралған «Алатау жастары» құрамасы бірінші орынды еншілеп, қос өңірдің мерей-мәртебесін еселеп, атақ-абыройларын асқақтата түсті. Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен сертификаттар табысталды.
АЛМАТ ЕСЕНЕБКОВ.