Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, өскелең ұрпақ санасына патриотизм ұғымын сіңіріп, туған жерге деген сүйіспеншілікке баулу керектігін атап өтті. Ия, бұл бағдарламаны іске асыру үшін жұрт болып жұмыла кірісіп, елім деп еміренген әрбір азамат өз үлесін қосу керек.
«Бұл жұмысты өз бетімен жіберуге болмайды, мұқият ойластырып, халыққа тиісті дәрежеде дәріптеу қажет. Бұл ретте туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын тапқан абзал. Ал ол үшін атқарылар жұмыстың да ауқымы зор. Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жоғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады. Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады»,-дейді Елбасы. Сол себепті қазақтың жаужүрек батырлары найзаның ұшымен қорғап қалған ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иесі ретінде, әрбір қазақстандық өзіне жүктелген мәндетті абыроймен атқаруға тиіс. «Туған жер» – әрбір азаматтың кіндік қаны тамған жерге деген махаббаты мен сүйіспеншілігі айқын көрініс табатын бағдарлама. Яғни, кез келген адамның өзінің тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне терең бойлай білуі. Берілген тапсырманы бүгінгі күнмен ғана өлшемей, ертеңгі ұрпаққа жету үшін еңбек ету – басты парыз.
Қазақстанның ескі әлемнің аясында қалып қоймай,дамыған елдер қатарынан алшақтамай бәсекеге қабілеттілікті арттырып, жаңа заманның әр қилы тартысында жан-жақты дамуға ұмтылуы заңдылық. Рухани жаңғыру – ұлттық ерекшеліктеріміз бен құндылықтарымыз сақталған еліміздің жаңа бет бейнесін қалыптастыруға негіз болады.
Ш.МӘУЕЙХАН,
аудандық БЖСМ әдіскері.