Жуырда облыстық мәслихат депутаттары ауданымызға арнайы атбасын бұрып өңірдегі туризм саласының даму бетлысымен, елді мекендердің өркендеу қарқынымен танысып қайтты.
Алқалы топтың сапары аллеядан бастау алды. Шаһарымыздың көркін еселеп тұрған ең көрнекті орнымызды көрген меймандар таңғалысын жасыра алмады. Кішкентай ғана аумаққа кереметтей дүние тұрғызып берген аудан әкімі Ә.Жақанбаевқа ризашылықтарын жеткізуді де сұрады. Келесі кезекте жаңа әуежайымыз бен орталық мешіт және спорт сарайының ғимараты араланды. Бұл жерлер де қонақтардың көңілінен шығып, оң бағаларын иеленді.
Артынша аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында облыстық мәслихаттың индустриялық-инновациялық, энергетикалық инфроқұрылымдарды, туризмді, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Күн тәртібінде Алакөл және Сарқан аудандарынының туристік әлеуеті мен қос өңірдегі жеке кәсіпкерліктің өркендеу барысы талқыланды.
Жиынды облыстық мәслихат депутаты, комиссия төрағасы А.Сүлейменов ашып, жүргізді.
Алғашқы болып баяндама оқыған облыстық туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Шантаев осы саланың қарқынды дамуы үшін қандай жоспарлар қарастырылып, нендей жұмыстар атқарылып жатқандығы жайлы кеңінен түсіндіріп кетті. Әсіресе, Алакөл мен Балхаш көлдерінің жағалауындағы инфрақұрылымдарды ретке келтіру кезек күттірмес мәселене екендігін баса айтты.
Келесі болып мінберге көтерілген Сарқан ауданы әкімінің орыбасары М.Разбеков Балқаш бойындағы туризмнің кенжелеп қалуының басты проблемаларына тоқталды. «Негізгі олқылықтар жол, жарық, кәріз, ауыз су жүйелерінің жөнделмеуі және ең өзекті мәселе жағажайдың біраз аумағы жекеменшікке өтіп кетуі»,- дейді аталмыш азамат.
Ал Алакөлдегі жағдай туралы баяндамасын оқыған аудан әкімінің орынбасары Д.Қанағатов: «Заман талабына сай салынған демалыс кешендері, қонақ үйлер туристерге жоғарғы деңгейде қызмет көрсетуде. Темір жол арқылы мыңдаған адам ағылып келіп жатыр. Әуежай да ашылды. Жақында Талдықорған – Үшарал – Өскемен күре жолы да күрделі жөндеуден өтпек. Демек бізде барлық жағдай жасалуда», — деп тұрақты комиссия мүшелерінің оң бағасын алды.
Жиын барысында қатысушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, көтерілген тақырып қызу талқыға түсті.
А.ЕСЕНБЕКОВ.