Қылқалам шеберлерінің көрмесі

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында және ауданымыздың 90 жылдығына орай «Туған жерге туыңды тік» атты Алакөл өңірінен шыққан кәсіби суретшілер көрмесі ұйымдастырылды. Әсем суреттер мен бояуы кеппеген туындыларды нақышына келтіре өрнектеген қылқалам шеберлерінің еңбектері көпшіліктің алдында таныстырылып, кеңінен насихатталды.

 

«Армысың ата-жұртым – Алакөлім» атты айлықтың аясында ұйымдастырылған игі бастаманың бір көрінісі ретінде З.Қойшыбаева атындағы мәдениет үйіндеқойылған аталмыш көрмені атап өтсек болады.

Аудан әкімінің орынбасары А.Абдинов: «Бәсекеге қабілетті елдің бағыт-бағдарын бағамдасаңыз оның мәдениеті мен әдебиеті, төл мұралары мен тамыры терең тарихы, ата-дәстүрі мен рухани құндылықтары елеулі рөл атқарып, даму сатысының алғышарттарына баланады. Келешегінің кемел болуы да жоғарыда аталған тұғырнамалармен тікелей қабысып, байланысып жататыны даусыз» – дей келе, салтанатты түрде көрме лентасын қиды.

Жақұтқа бергісіз жанды дүниелер көрермен қауымның оң бағасына ие болып, таң-тамаша сезімнен туған таңғалыстар еріксіз алақан ұрғызды. Себебі көздің майын тамызып отырып салынған еңбектер – өткенімізден сыр шертіп, мәдени ошағымыздың айқындалуына үлкен ықпалын тигізетіні айдан-анық. Осы ретте ҚР Көркем Өнер Академиясының академигі, Қытай өнер академиясының профессоры, ҚР суретшілер одағы Алматы облыстық филлиалының төрағасы, суретшілер одағының басқарма мүшесі, Жетісулық желтоқсандықтар қоғамдық қорының төрағасы, аудан эмблемасының авторы Е.Жүнісхан:«Жанды шығарманың өзі нәзіктей жүректен туатын ұлы өнер. Расында, көңіліне жаққан көріністі ой тебіренісімен ұштастырып, сана сүзгісінен өткізе отырып бейнелеу екінің бірінен келе бермейтін шаруа. Ондағы бояудың қанықтығы, айтар ой мен мазмұнның бір жерден көрінуі мен түстер үйлесімі сай болған жағдайда ғана таңғажайып туындыны дүниеге алып келуге болады», – деп ойын ортаға салды. Автордың «Үстірт», «Жаңбырдан соң» атты туындыларында табиғат ананың тілмен айтып жеткізе алмас көріністері айрықша әспеттелгенін аңғардық. Шыдамдылық пен төзімділік және өз ісіне деген асқан махаббаттың арқасында ғана осы деңгейге жетіп отырғанын алға тартты.

Арда өнерге қанық қылқалам шеберлерінің арасынан ҚР суретшілер одағының мүшесі,  доцент, ҚР Көркем өнер академиясының корроспондент мүшесі, Республикалық, облыстық көрмелердің жеңімпазы М.Әбділдаевты да көзіміз шалды. Оның сан тарам жылдар бойы тағдыр тауқыметін көрген еліміздің өткенін баяндайтын «Қилы заман»,Қазақ сурет-бейнелеу өнерінің негізін салушы Ә.Қастеевке арналған «Қастеев өнері-қазақ әлемі» және «Мәуелі Бәйтерек» деген туындылары жиналғандар қауымының оң ықыласын тудырды. Шара барысында ол жансарайынан жасандылықтың ұстыны көрінбейтін суретшілердің шығармашылығы мен ізденімпаздылығы турасында ой өрбітіп, ізін қуған ізбасарларына ақыл кеңесін айтты.

«Сурет шеберлерінің шабыт аймалаған шақта теңдесіз дүниелерді тудырып, ал тоқырау тұсына таяғанда тосылып қалатыны жасырын емес. Іштегі арпалыспен алысқанда кейде шамаңның шарқы жетпей қалатын кездер болады және сол тұста шығармашылығыңды уақытша тоқтата тұрып, келесі күні жаңа күш-қуатпен бастағаның әлдеқайда дұрыс болады», – деп ағынан жарылды жергілікті суретші С.Қазиев. Бір басына бірнеше өнерді топтастырған ол қазірдің өзінде бірнеше өлең жинақтарының авторы. Ақындық пен суретшілік өнерді топтастырған тұлғаның жаңашылдығына шара барысында көз жеткіздік. Майлы бояумен салынған «Таудағы таң», «Ғашықтар» сынды туындылары мен «Қазақ солдаты» деген автопортреті Республикалық, Халықаралық көрмелерде ерекше бағаланып, жоғары сұранысқа ие болатындығын аңғардық.

Қазіргі таңда ерекше талқыда жүрген «Жемқорлық» тақырыбы да талқыланбай қалмаған. Аталмыш індеттің қоғамда жайылып бара жатқандығы, шарасыздықтың шырқар шегі мен тығырықтан шығар жол іздеу әрекеттері суретшілер тарапынан мәнді әрі мазмұнды түрде жеткізілген.

Жалпы, бояу өнері және қылқалам шеберлері дегенде есімізге сақ етіп Ә.Қастеевтің түсе кететіндігі рас қой.  Қазақстан сурет өнерінің, оның ішінде қазақ суретшісі деген рухани керуеннің көшбасында тұрған Ә.Қастеевтің бір ғана туындысының өзі кезінде 413 миллион долларға бағаланғанын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Ғасырдан-ғасырға ұласып келе жатқан өміршеңдігі мен саф таза табиғилығы әлі талай жылдар бойы жырланып, кейінгі ұрпаққа дәріптеле бермек. Бүгінгі көрменің басты себепкерлері де өздерін сол ұлы суретшінің шәкірттері хәм ізбасарлары деп біледі. Ұлық өнерді ұлықтап жүрген қылқалам шеберлерінің көрмесі рухани құндылықтарымызды құрметтеуге, жастардың бойындағы отаншылдық сезімін оятуға серпін береді деген ойдамыз.

Т.АЙТБАЕВ.

Мәліметпен бөлісу: