
Күні бүгін Президент Қ.Тоқаев еліміздің ғылыми кеңістігінде кеңінен қанат қағып жүрген ғалымдардың басын біріктіріп, осы саланың аяқ алысы, бүгіні мен болашағы жайында біраз дүниелер айтып өтті.
Күніне қырық құбылған қоғамда ең алдымен білімнің салмағы ауыр болатыны рас. Білектің емес, білімнің әмірі жүріп тұрған әлемде ешқай елден қалыспай, дамыған мемлекеттердің қатарында болуымыз үшін бізге ғылымды дамыта түскен абзал. Бұл жайында мемлекет басшысы жиын барысында: «Бізге экономикамыздың аса маңызды салалары үшін инновациялық жобалар мен ұтқыр шешімдер қажет. Ең алдымен, қоғамдағы барлық үдерістер мен салаларды одан әрі цифрландыруға назар аудару керек. Бұл орайда жас ғалымдардың, инженерлер мен кәсіпкерлердің әлеуетін біріктіру маңызды рөл атқарады»,- деп, атап өтті. Демек, қазіргі дамыған дәуірде ешкімге есемізді жібермей, өзгелермен тең дәрежеде орналасу үшін ең алдымен білім мен ғылымды жолға қойған жөн. Инновациялар мен цифрландыру үдерісін тиімді жүзеге асыру арқылы біз әлем кеңістігінде кеңінен қалықтай аламыз.
Еркежан ЕСЕНБЕКОВА,
Ы.Алтынсарин атындағы қазақ гимназиясының ағылшын тілі пәні мұғалімі.