Ынтымақтың уығын тіккендер

«Бірлік бар жерде – тірлік бар» демекші, кез келген мемлекеттің алға басуына, дамуына ықпал ететін маңызды фактордың бірі – ел ішіндегі береке мен ынтымақ екендігі анық. Бүгінде ұлт бірлігі ұйысқан Отанымыз өзге этнос өкілдерінің туған мекеніне айналып, халықты татулықтың бесігінде тербетуде.

Ел басына күн туғанда ата-мекенін тастап, Қазақстанға қоныс аударған өзге ұлттардың ұрпақтары бүгінде осында өсіп-өніп, жемісті еңбек етіп жатқандарын көзіміз көріп жүр. Сондай жандардың бірі – Лепсі ауылының тұрғыны Зульфия Федорова. Арғы аталары 1880 жылдары Қазан қаласынан елімізге қоныс аударып, сол уақыттан бері әсем табиғатымен көз тартқан өңірімізде тұрақтап қалған екен. Осы жерге уығын қадап, керегесін кең жайған Мубарак пен Банат Яушевтар ұзақ жылдар бойы метеостанцияда еңбек етіп келеді. 4 қызды тәрбилеп – өсірген ерлі-зайыптылар отбасында татар ұлтының салтын берік сақтап, өздерінің төл мұралары мен құндылықтарын барынша ұстанып отырған әулет.

Зульфия бұл жанұяның ортаншы қызы. Бала кезінен зеректігімен, арғырлығымен көзге түскен бүлдіршін мектеп табалдырығында жүргенде өз қатарының алды болып, үздік оқушы атанған. Ол әсіресе қазақ тілі пәнін ерекше қызығушылықпен оқыпты, түрлі олимпиадаларға қатысып, халқымыздың асыл мұрасын тереңірек меңгеруге деген құлшынысы қашанда жоғары болған екен. Орта мектепті аяқтағаннан кейін кейіпкеріміз өзінің жүрек қалауымен І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі.

Үлкен өмірге жаңа қадам басқан жас қыз өзінің өмірлік серігін осы кезде жолықтырамын деп ойламаған еді. Алайда адамның қалағаны емес, тағдырдың пешенеге жазғаны болады емес пе?

Көп уақыт өтпей Лепсі орта мектебінде алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жүрген Федоров Русланмен көңілдері жарасып, іштей түсінісіп, екеуі аз уақытта жақын жандарға айналады. Бірі – татар, бірі – орыс ұлтының өкілі болғанымен, жүректері бір арнада тоғысқан қыз бен жігіт осылайша шаңырық көтереді.

Жоғары оқу орнын сырттай оқып жүрген Зульфия 2002 жылдан бастап өзі түлеп ұшқан Лепсі орта мектебіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады.

Содан бері 15 жылдан артық уақыт өтті. Бүгінде директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымын атқаратын кейіпкеріміз талай шәкіртті білім нәрімен сусындатып, мемлекеттік тілдің дамуына өзіндік үлесін қосудан танған емес. Оның баптаған жүйріктері талай байқауда топ жарып, үздіктер қатарынан көрінуде.

1 қыз, 1 ұл өсіріп отырған қос ұзтаз балаларын отынсүйгіш, кішіпейіл, еңбекқор болуға тәрбиелеп келеді. Ауылдағы үлгі тұтатын отбасының бірі болып отырған әулет 2016 жылы «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, «Моя счастливая семья» номинациясын ұтып алған екен.

Иә, олар шынымен де бақытты жанұя. Шаңырағына құт, босағасына береке ұялаған жұп ынтымағы жарасқан тәуелсіз мемлекетте баянды ғұмыр кешуде.

Татулықтың ордасы саналатын еліміз мыңдаған өзге ұлт өкілдерінің киелі мекеніне айналып, қонақжай халқымыз олардың бір туған бауырларындай болып кетті. Көздеген межеміз «Мәңгілік ел» болса, соған апаратын жолдағы құндылықтарымызды ешқашан жоғалтпайық. Әсіресе, тонның ішкі буындай татулығымыздың алтын жібі ешқашан үзілмесін.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: