Ең ауыр, ең жауапты қызметті арқалаған әскерилердің ел тыныштығы мен шекара амандығы жолындағы істері әрқашанда мақтауға лайықты. Қару асынып, қырық жыл бойы қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан 9807 әскери бөлімі жауынгерлері де осы қатардан табылады.
Жуырда З.Қойшыбаева атындағы аудандық мәдениет үйінде аталған бөлімнің мерейтойы тойланып, салтанатты жиын өтті.
Оған әскери саланың ардагерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, үздік жауынгерлер қатысты.
Шараның шымылдығы Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен Д.Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастау алды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы сахна төріне көтерілгеннен кейін, сарбаздар сап түзеп гимнімізді ерекше сезіммен шырқады.
Сөз алған аудан әкімі Ә.Жақанбаев нағыз жүрекжұтқан, батыл, төзімді адамдарға ғана ырқын беретін әскери сала қызметкерлерінің ел ішіндегі рөлінің жоғары екендігін, мемлекетіміздің тыныштығы, шекарамыздың бұзылмауы тікелей соларға байланысты екенін айтып өтті. Сондай-ақ үздік деп танылған жауынгерлерді марапаттап кетті.
Артынша ҚР ҰҚК шекара қызметінің тәрбие, әлеуметтік құқықтық және кадрлар жұмыстары бас басқармасының басшысы, полковник О.Кутувой, ҚР ҰҚК ШҚ авияциялық бас басқармасынң басшысы, полковник Ж.Елбаев, ҚР ҰҚК ШҚ шығыс өңірлік басқарма басшысының бірінші орынбасары, полковник А.Алиев ізгі тілекті жалғап, осыншама жыл ішінде халық қамы үшін талмай, танбай еңбектеніп жүрген азматтарды мерейтойымен құттықтап кетті.
Сонымен қатар аудандық полиция бөлімінің басшысы, подполковник А.Абдрахманов, 9807 әскери бөлімінің командирі, подполковник А.Оразбаев, ҚР ҰҚК ШҚ-нің құрметті ардагері, запастағы полковник Ж.Сүлейменов ақжарма тілектерін ақтарып, бірнеше азаматқа арнайы сыйапаттарын табыстады.
Кеш соңында ҚР ҰҚК ШҚ-нің ән-би ансамбілі өздерінің концерттік бағдарламасын назарға ұсынып, жиналғандар бір серпіліп қалды.
А.ЕСЕНБЕКОВ.